Үлескерлерді 5,4 млрд теңгеге алдаған R-Club және Arai құрылыс салушылары сотталды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Офелия Жакаева, бильд-редактор: Дастан Шанай

12 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталған тоғыз адамға қатысты айыптау үкімін жариялады, деп хабарлайды Kursiv.media.

Сот анықтағандай, 2020 жылдың желтоқсанынан бастап сотталушылар бірі топтың нақты жетекшісі ретінде әрекет етіп, басқа да іске қатысы бар адамдармен бірге құрылыс компанияларының атын жамылып, азаматтардан R-Club және R-Club Deluxe тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алу үшін ақша тартқан.

2022 жылғы 23 ақпан мен 2023 жылғы 19 шілде аралығында азаматтармен пәтерлерді брондау туралы жалған шарттар жасалған. Соның салдарынан 135 жәбірленушіге 5,14 млрд теңге көлемінде залал келтірілген.

Бұдан бөлек, сот мәліметінше, іс бойынша кейбір айыпталушылар Кенесары көшесі, 6/5 мекенжайында салынып жатқан Arai Apartments тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді қайта сатуға қатысқан. Осы эпизод бойынша бес жәбірленуші тағы 228 млн теңгесінен айырылған.

Іс бойынша жалпы шығын 5,36 млрд теңгеден асып, өтелмеген.

Прокурор барлық сотталушыны нақты мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал айыпталушылар өз кінәларын мойындамаған.

Істі қарау қорытындысы бойынша сотталушылардың біріне мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қалғандары 5 жылдан 8 жыл 6 айға дейінгі мерзімге сотталды. Сотталған әйелдердің біріне 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, оны орындау бір жылға кейінге қалдырылды.

Сондай-ақ барлық сотталған адамға 10 жыл мерзімге құрылыс саласына, азаматтардың ақшасы мен инвестиция тартуға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Қылмыстық жолмен алынған деп танылған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары сотта қаралып, тиісті шешім шығарылды.

Айта кететін жайт, 2025 жылдың тамызындағы дерек бойынша, Қазақстандағы үлестік құрылыстың 62,5%-ы «көлеңкелі» нарықта жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз