5 млн теңгеге дейін: Астанада бизнеске арналған грантқа өтінім қабылдау басталды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: shutterstock

Астанада әлеуметтік кәсіппен айналысатын азаматтар өз жобасын дамытуға 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант ала алады. Елорда әкімдігі жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған ашық конкурс жариялады. Өтінімдер 15-20 қазан аралығында онлайн қабылданады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Грантқа кімдер қатыса алады

Астана әкімдігі мәлімдегендей, конкурсқа әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері қатыса алады.

Өтінімдер тек kezekte.kz платформасы арқылы қабылданады. Қатысушылар белгіленген нысан бойынша электрондық өтінім мен қажетті құжаттардың толық пакетін ұсынуы керек. 20 қазаннан кейін жіберілген өтінімдер қаралмайды.

Грант алу үшін қандай талаптар қойылады

Мемлекеттік қолдауға үміткер кәсіпкерлер бірнеше талапты орындауға тиіс:

  • Жобаның шығынының кемінде 20%-ын өзі қаржыландыруы керек. Бұл сомаға кәсіпкердің жобаға салатын жеке қаражаты немесе бизнеске тартылатын жылжымалы және жылжымайтын мүлкі де есептеледі.
  • Жаңа жұмыс орындарын ашуы қажет.
  • Инвестициялық жоспары болуы керек. Онда жобаны іске асыруға қажетті инфрақұрылымның бар екені немесе құрылатыны көрсетілуі тиіс.

«Мемлекеттік грант жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 5 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде беріледі», – деп хабарлады елорда әкімдігі.

Грант ақшасын қалай жұмсауға болады

Қаражатты бизнеске қажетті жабдықтар, шикізат пен материалдар сатып алуға, өндірістік нысандар салуға немесе жөндеуге пайдалануға болады. Сондай-ақ грант есебінен материалдық емес активтерді, технологиялар мен франчайзинг құқықтарын сатып алуға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге және жаңа технологияларды енгізуге байланысты шығындарды өтеуге рұқсат етіледі.

Грантты басқа мақсаттарға жұмсауға болмайды.

Жобаны іске асыруға қанша уақыт беріледі

Грант иегері бизнес-жобасын мемлекеттік грант беру туралы шартқа қол қойылған күннен бастап 18 айдан кешіктірмей іске асыруы тиіс.

Конкурсқа қатысу тәртібі туралы қосымша ақпаратты мына телефондар арқылы алуға болады:

  • +7 (7172) 556-903
  • +7 (7172) 556-919
  • +7 (7172) 556-921
  • +7 (7172) 556-910

Өтінім бермес бұрын құжаттардың толықтығын және қабылдау мерзімін тексерген жөн.

Тағы да оқыңыз: Бизнес ашқысы келетін алматылықтарға 86,5 млн теңгеге дейін несие беріледі

Сондай-ақ оқыңыз