Мектепте орамал тағуға тыйым салынды: Әзербайжанда наразылық акциясы жүріп жатыр

Әзербайжан астанасы Бакуде және өзге де қалаларда наразылық акциялары жүріп жатыр. Ел тұрғындары үкіметтің мектепте орамал тағуға тыйым салғанына наразы деп жазады Kursiv Media Азаттықтың Әзербайжан қызметіне сілтеме жасап.
21 қыркүйекте Әзербайжан Министрлер кабинеті мемлекеттік мектептердегі киім үлгісіне қатысты ережелерге өзгеріс енгізген. Жаңа талап бойынша, мектеп формасына қойылатын ортақ тәртіпке сай келмейтін және зайырлы білім беру қағидатына қайшы келетін қосымша киім элементтеріне тыйым салынады. Бір атап өтерлігі құжатта нақты қандай киім түрлері шектелетіні көрсетілмеген.
Осыдан кейін қазанның басында Баку мен өзге де аймақтардағы тұрғындар хиджаб киетін оқушылар мен мұғалімдерді сабаққа кіргізбейтінін айтып, шағымдана бастаған. Жауап ретінде ата-аналар мен оқушылар наразылық білдіріп, кейбірі сабаққа бармай қойған. Ұл балалар да хиджаб кигісі келетін сыныптастарды қолдап жатыр. Наразылыққа мұғалімдер, қоғам және дін өкілдері де қосылған. Олар хиджаб киетін оқушыларды сабаққа кіргізбеу балалардың білім алу құқығын бұзады деп есептейді.
Үкімет өзгерістерінен кейін аймақтарда наразылық күшейіп, шерулер басталды. Кей мектептердің терезелері сынған. Тіпті Бакудің Гарадаг ауданында наразылар мектеп директорының көлігін өртеген. Ал Ясамал ауданында бір мектепте өрт шығаруға әрекет жасалғанымен, жалынның таралуына жол берілмеген.
Әзербайжанның ішкі істер органдары 37 адам ұсталғанын, оларға қатысты қоғамдық тәртіпті ұйымдасқан түрде бұзу фактісі бойынша қылмыстық істер қозғағанын хабарлады.
Әзербайжан Конституциясына сәйкес, ел – зайырлы мемлекет. Конституцияның 18-бабында мемлекеттік білім беру жүйесінің зайырлы сипаты бекітілген. Алайда наразылық білдірушілер хиджабқа қойылған шектеулер азаматтардың діни сенім бостандығына және «Баланың құқықтары туралы» заңға қайшы келеді деп санайды.
Оқи отырыңыз: Қай елдерде мектепке орамалмен келуге тыйым салынған