Жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгерді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
замена водительских прав в Казахстане, обновить водительское удостоверение в Казахстане, eGov, eGov Mobile, истек срок водительского удостоверения, срок водительских прав
Фото: finish_process

Елде жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгерді. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, өзгеріс құжат алуға емтихан тапсыру туралы болып отыр.

«Емтиханды бірінші рет тапсыра алмасаңыз, келесі жұмыс күні қайта тапсыруға болады. Екінші жолы да сәтсіз болса, дайындалуға 10 күн беріледі. Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмасаңыз, сол емтиханды ақылы түрде кейін қайта тапсыруға болады», – дейді әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранова.

Сонымен қатар теориялық емтиханды тапсырған азамат практикалық емтиханнан өте алмаса, теориядан алған нәтижесі сақталады.

«Шетелдік жүргізуші куәлігін Қазақстан куәлігіне ауыстыру үшін алдымен теориялық емтиханды тапсыру қажет. Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті орган куәлікті берген елге ресми сұрау жібереді. Ол елдің құзыретті органы куәліктің түпнұсқа екенін растағаннан кейін ғана куәлік ауыстырылады», – деп хабарлады ішкі істер министрлігі.

Айта кетейік, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өтуі қажет. Азаматтың міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәлімет денсаулық сақтау министрлігі мен ішкі істер министрлігі арасында автоматты түрде жіберіледі. 

Сонымен қатар мас күйде көлік айдағаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылғанның өзінде, құқық бұзушы 8 жылға көлік басқару құқығынан айырылады. Ал егер жүргізуші куәлігі болмаса, құжатты 8 жыл бойы ала алмайды. 

Сондай-ақ оқыңыз