Елдегі ақылы жолдарда қытайлық нөмірлі көліктер екі есе көбейді

Елдегі ақылы жолдарда қытайлық нөмірі бар көліктердің саны екі есе өсті. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.
Жыл басынан бері ақылы жолдарда шетелдік нөмірмен жүрген 503 мыңнан астам көлік тіркелген. Олардың арасында Қазақстан жолдарын ең көп пайдаланатындар – Ресейде тіркелген көліктер. Олардың саны шамамен 209 мыңға жеткен.
Сондай-ақ ақылы жолдарда мына елдерде тіркелген көліктер көп кездеседі:
- Қырғызстан – 98,6 мың;
- Өзбекстан – 97,1 мың;
- Қытай – 24 мыңға жуық көлік.
«Қытайдан келетін көліктер қозғалысының өзгерісі ерекше назар аудартады. 2025 жылғы статистикада мұндай көліктер саны 11,6 мың болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 23,7 мыңға жетті. Бұл қытайлық тасымалдаушылар мен автокөлік иелерінің Қазақстан бағыттарындағы белсенділігі артқанын көрсетеді», – деп хабарлады ҚазАвтоЖол.
Шетелдік көліктер ақылы жолдармен қанша рет жүрген
Жыл басынан бері есепке алу жүйесі шетелдік нөмірі бар көліктердің ақылы жолдармен 23,6 млн-нан астам рет жүргенін тіркеген.
Жол жүру саны бойынша алғашқы үштікке мына елдер кірді:
- Өзбекстан – 7,4 млн рет;
- Ресей – 6,1 млн рет;
- Қырғызстан – 3,9 млн рет.
Қазақстанның тасжолдарымен Түркия, Беларусь, Грузия, Армения, Моңғолия, Польша, Литва және Оңтүстік Кореяда тіркелген көліктер де жүреді.
Айта кетейік, Қазақстанда жаз айларында ақылы жолдармен 25,8 млн-нан астам көлік жүріп өткен. Ең жоғары көрсеткіш Алматы – Қонаев бағытында тіркелді, үш айда бұл учаскеден 4,3 млн-нан астам көлік өткен.