Елге 9 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара әкелінді

Елдегі мал шаруашылығын дамытуға 150 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы үкімет отырысы кезінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді деп жазады Kursiv Media.
Аталған қаражат «Игілік», «Береке» және «Жайлау» жеңілдетілген кредиттік бағдарламалары аясында жүзеге асуы керек. Қазірдің өзінде 63,5 млрд теңгесі бөлінген.
Жыл басынан бері Қазақстанға 9 мың бастан астам асыл тұқымды ірі қара әкелінді. Тағы шамамен 16 мың бас ірі қара мен 7 мың бас ұсақ мал іріктеу және карантин кезеңінен өтіп жатыр.
Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басқа өңірлерге тарату бағдарламасы жалғасады. Оның аясында жылдық 2,5% мөлшерлемемен тауарлық-сүт фермаларын салу және кеңейтуге арналған 99 жоба қаржыландырылған. Бұл жобалардың жалпы өндірістік қуаты жылына шамамен 600 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді.
Қазір жалпы қуаты 460 мың тоннадан асатын 71 ферма пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін іске қосылған фермалардың жүктемесін жобалық қуатының 70%-ына дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Министрлік сүт өндірісін арттырумен қатар, бордақылау алаңдарын дамытуды да көздейді. Бұл ет өндірісін ұлғайтудың негізгі бағыттарының бірі саналады.
Ет өндірушілерге 52,2 млрд теңге бөлінді
Ет өндірісін арттыру үшін бордақылау алаңдарының айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Биыл осы бағдарлама аясында 73 өтінім мақұлданып, жалпы сомасы 52,2 млрд теңге қаржыландырылған.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері 200-ден астам кәсіпорынның айналым қаражатын толықтыруға 96 млрд теңге бөлінді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамынша, 2026 жылдың қорытындысы бойынша саланың жалпы өнімі 6%-ға өседі. Ал азық-түлік өндірісі 9,5%-ға, сусындар өндірісі 10,5%-ға ұлғаяды деп күтіледі.
Оқи отырыңыз: Субсидия азайып, жеңілдетілген несие көбейді: фермерлер не ұтады