Теңге биыл 14 пайыз нығайды: доллардың арзандауына не себеп

Биыл ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы бірден 13,7 пайызға нығайып, 440 теңгені құрады. Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, доллардың арзандауына нарықта валюта ұсынысының көп болуы әсер еткен.
Мұнай мен басқа да экспортқа шығатын шикізат бағасының қымбаттауы ел ішінде шетел валютасының ұсынысын арттырған, ал оған деген сұраныс көбеймеген.
Сонымен қатар теңгерімді ақша-кредит шарттары мен шетелдік инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздарды көптеп сатып алуы да ықпал етті.
Мәселен, бейрезиденттердің Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына салған инвестициясы жыл басынан бері 786 млрд теңгеге ұлғайып, 2,6 триллион теңгеге жетті.
Сонымен қатар қаржы нарығындағы теңгерімді сақтау мақсатында Ұлттық банк Ұлттық қордан 2,8 млрд доллар сатты, ал алтын сатып алу кезінде пайда болған артық өтімділікті реттеу үшін 3,2 трлн теңгені құрайтын теңестіру операциясын жүргізді.
Қазіргі таңда Ұлттық Банк икемді айырбастау бағамы режимін берік ұстанып отыр.
«Ұлттық Банк экономиканың сыртқы өзгерістерге бейімделуіне мүмкіндік беретін және макроэкономикалық теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын икемді айырбастау бағамы режимін ұстанады», – деді Жамаубаев.
Дегенмен, 2026 жыл соңына қарай шетел валютасына деген сұраныс артып, теңгенің қайтадан құнсыздануына алып келуі ықтимал. Halyk Finance сарапшылары желтоқсан соңында көкқағаз құны 490 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін деген болжам жасайды.