Қазақстандағы екі мыңға жуық БАҚ үштен астам тілде ақпарат таратады – саясаттанушы

Қазақстанда бес мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Журналистердің кәсіби құқықтарының кеңеюі және әлемдегі ірі интернет-платформалармен өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерінің енгізілуі ақпарат саласындағы өзгерістердің ауқымын көрсетеді. Елде сөз бостандығын қамтамасыз ету, ақпаратқа қол жеткізу және азаматтарды цифрлық кеңістікте қорғау мақсатында заңнама жетілдіріліп келеді. Бұл туралы ЕҚЫҰ-ның Варшавада өткен Адами өлшем жөніндегі конференциясының сегізінші сессиясында саясаттанушы Бақытжан Бұхарбай айтты.
Халықаралық аудитория алдында сөз сөйлеген сарапшы Қазақстанның медиа кеңістігіндегі алуан түрлілікке назар аударды. Оның айтуынша, бүгінде елде бес мыңнан астам БАҚ тіркелген. Олардың қатарында үш мыңнан астам баспа басылымы, 255 телеарна, 100-ге жуық радиостанция және шамамен 1,5 мың интернет-ресурс бар.
Медиа нарықтың негізгі бөлігін отандық басылымдар құрайды. Сонымен қатар ақпарат кеңістігінде тілдік алуандылық та байқалады. Қазақ және орыс тілдерімен қатар, екі мыңға жуық БАҚ үш және одан да көп тілде ақпарат таратады. Бұл Қазақстан қоғамының көпэтносты сипатын көрсетеді.
Бақытжан Бұхарбайдың сөзінше, медиа саласының дамуы ең алдымен сөз бостандығының конституциялық кепілдіктеріне және Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне негізделеді.
«Конституция сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне тікелей кепілдік береді. Біз осы саладағы негізгі халықаралық құжаттарға – Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына, БҰҰ, ЕҚЫҰ және ЮНЕСКО-ның бірқатар құжатына қатысамыз. Бұл халықаралық стандарттарға сәйкестікті тұрақты түрде бағалап отыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Бақытжан Бұхарбай.
Сарапшы саланы дамытудағы маңызды өзгерістердің бірі ретінде «Масс-медиа туралы» заңның қабылдануын атады. Бұл құжат журналистің ерекше құқықтық мәртебесін бекітіп, оның кәсіби қызметіне берілетін кепілдіктерді кеңейтті. Атап айтқанда, ақпарат жинау және тарату, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ ақпарат көздерінің құпиялылығын қорғау құқықтары қарастырылған.
Заңнамалық өзгерістер редакциялардың күнделікті жұмысына да әсер етті. Мемлекеттік органдардың журналистік сұрауларды қарау мерзімі жеті жұмыс күнінен бес жұмыс күніне дейін қысқарды. Бұған дейін мерзімі шектелмеген БАҚ материалдарына қатысты талап қою мерзімінің орнына бір жылдық мерзім белгіленді.
Заңнамалық кепілдіктердің тағы бір бағыты журналистердің қауіпсіздігіне қатысты. Қауіп-қатері жоғары жағдайда жұмыс істеген кезде БАҚ иелері қызметкерлерді арнайы қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге міндетті. Ал бұқаралық іс-шараларды жариялау кезінде журналистерге PRESS жазуы бар арнайы танымдық кеудешелер қарастырылған.
Сонымен қатар Қазақстанда жала жабу қылмыстық жауапкершілікке жататын әрекеттер қатарынан алынып тасталды. Ал журналистердің кәсіби қызметіне заңсыз кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген.
Цифрлық өзгерістер туралы айтқан Бақытжан Бұхарбай мемлекеттің халықаралық технологиялық компаниялармен тікелей байланыс орнатуын ерекше атап өтті. «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң интернет кеңістігін реттеудің құқықтық негізін қалыптастырды. Оның аясында заңға қайшы контентке қарсы іс-қимыл және онлайн-жарнаманың ашықтығына қойылатын талаптар қарастырылған.
Атап айтқанда, Meta, ByteDance, VK және Telegram компаниялары Қазақстанда ресми өкілдерін тағайындады. Бұл жаһандық цифрлық платформалармен тікелей байланыс арналарын жолға қоюға мүмкіндік берді.
Сөз соңында саясаттанушы технологиялардың жылдам өзгеруі халықаралық міндеттемелер мен жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, құқықтық реттеуді үнемі жетілдіріп отыруды талап ететінін айтты.
«Цифрлық орта жылдам өзгеріп жатқанын түсінеміз. Сондықтан халықаралық міндеттемелер мен бейінді комитеттердің ұсынымдарын ескере отырып, заңнаманы бейімдеуді жалғастырып жатырмыз», – деді Бақытжан Бұхарбай.