Каспийдегі апаттан аман қалған үш сарбаздың ауруханадағы суреті жарияланды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: instagram

Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған Ақжол, Бекет және Никита есімді үш сарбаздың ауруханада бірге отырған суреті әлеуметтік желіде жарияланды. Фотосуретті сарбаздардың бірінің анасы Instagram парақшасына жүктеп, қиын сәтте қолдау көрсеткен жандарға алғыс айтты, деп хабарлайды Kursiv Media.

Ақжолдың анасы Самал Кеуелова ауруханада өткізген күндерін еске алып, сол уақытта үш сарбазға бірдей қамқор болғанын жазды.

«Ауруханада жатқан сол 3–4 күнде тек Ақжолдың ғана емес, Бекет пен Никитаның да анасы болдым», – деп жазды ол.

Жарияланған суретте үш жігіттің аурухана бөлмесінде бір дастарқан басында отырғанын көруге болады.

Самал Кеуелованың айтуынша, сарбаздарға туған-туыстарынан бөлек, Ақжолдың Астанадағы топтастары, бұрын таныс болмаған адамдар және аурухана қызметкерлері де қолдау көрсеткен.

«Сол күндері бір нәрсені терең түсіндім: қиындықта адамның кім екені емес, жүрегінің қандай екені көрінеді», – деп жазды Самал Кеуелова.

Сарбаздың анасы отбасын жалғыз қалдырмаған, балалардың жағдайын сұрап, көмек көрсеткен барлық адамға алғыс білдірді.

«Бізді жалғыз қалдырмаған, уайымымызды бөліскен, балаларымызға жанашырлық танытқан баршаңызға мың алғыс! Алла әрқайсыңыздың жақсылығыңызды еселеп қайтарсын!» – деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында өткен әскери оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні теңіз алып кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалды.

Аман қалған сарбаздар – Ақжол Темірхан, Бекет Қуандық және Никита Удалов. Ақжол оқиғадан кейін ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Кейін жағдайы тұрақталып, ем қабылдаған. Үш сарбаз да әскери борышын аяқтап, қазан айының басында отбасыларына оралды.

Оқиғаға байланысты қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу фактілері бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында Қарулы күштердің бес лауазымды қызметкері күдікті ретінде ұсталды. Қайғылы жағдайдан кейін арнайы үкіметтік комиссия құрылып, Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды.

Сондай-ақ оқыңыз