Алматыда көлік тұрағына талас адам өмірін қиды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Офелия Жакаева, бильд-редактор: Дастан Шанай

Алматыда көлік тұрағына қатысты жанжал кезінде ер адамның тамағын пышақпен орып жіберген, деп хабарлайды Kursiv.media.

Kriminal Kazakhstan ақпаратына қарағанда, 4 қазан күні кешке 37 жастағы Данил Щетников пен көршісі арасында көлік қоятын орынға байланысты жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан.

Қаза тапқан ер адамның жақындарының айтуынша, жанжалдан кейін қатысушылардың бірі бауырына телефон соққан. Оқиға орнына келген ер адам Данилдің тамағына пышақ сұққан. Жәбірленуші ауруханаға жеткізілгенімен, бір аптадан кейін көз жұмған.

Полицияның мәліметінше, ер адамдар алдымен сөз таластырған. Кейін жәбірленушіге өлімге әкелген жарақат салынған. 37 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынған.

Куәгерлердің айтуынша, жанжал болған автотұрақта қазір үсті матамен жабылған жол талғамайтын көлік тұр. Олардың сөзінше, оқиғадан кейін көлікке тас лақтырылып, бүйір әйнегі сындырылған.

Қылмыстық іс абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша тергеліп жатыр.

Қаза тапқан ер адамның туыстары істі адам өлтіру бабына қайта саралауды сұрап отыр. Оқиғаға түпкілікті құқықтық бағаны тергеу органдары мен сот береді.

Айта кететін жайт, Ақтөбеде ер адам қызбен жанжалдасып, артынша пышақтап өлтірді. Бұл сәт камераға түсіп қалған еді.

Сондай-ақ оқыңыз