Отбасының кірісі ғана емес, шығыны да ескеріледі – министр жәрдемақы туралы

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: shutterstock

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «Отбасының цифрлық картасы» бойынша азаматтардың қай санатқа жататыны ай сайын жаңарып отыратынын айтты. Сөзінше, азаматтардың әл-ауқаты табысы, мүлкі, несиесі және кәсіпкерлікпен айналысуына қарап айқындалады. 

Азаматтың қай санатқа жататынын анықтау барысында олардың шығыны да ескеріледі.

«Заңға сәйкес, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап екінші деңгейдегі банктер жәрдемақы алушының және отбасы мүшелерінің келісімімен олардың банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтерді береді. Осылайша кірісі ғана емес, шығыны да есепке алынады», – дейді министр.

Сондай-ақ азаматтар туралы дерек күн сайын жаңарады, ал қай санатқа жататыны туралы ақпарат әр сайын қайта анықталып отырады. 

«Отбасы қазанда В санатында болып, белгілі бір жағдайға байланысты желтоқсанда С санатына ауысса, онда мемлекеттік қолдау өтініш бермесе де тағайындалады», – деп түсіндірді министр. 

Ал қаржы министрі Мәди Такиевтің сөзінше, 2027-2029 жылдарға бюджет жобасында әлеуметтік салаға бөлінетін 702 млрд теңге қысқарады.

Азаматтар бес санатқа бөлінеді 

2027 жылдан бастап «Отбасының цифрлық картасына» сай кей азамат ауқаттылар санатына кіріп, жәрдемақыдан қағылады. Бұл «А» және «В» санатына қатысты болып отыр.

  • А санаты – саламаттылықтың жоғары деңгейі;
  • В санаты – саламаттылықтың ауқатты деңгейі;
  • С санаты – саламаттылықтың қанағаттанарлық деңгейі;
  • D санаты – экономикалық тұрғыдан осал деңгейі;
  • Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгейі.

Өзіңіздің қай санатқа кіретініңізді мына жерде есептеп көре аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз