Алматыдағы РФММ оқушыларының жаппай ауруханаға түсуіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) 47 оқушысы ішек инфекциясына ұқсас белгілермен ауруханаға түскеннен кейін полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Kursiv Media.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттері, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің тексеру қорытындысы негізінде оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тиісті процестік шешім қабылданады», – делінген полицияның ресми түсіндірмесінде.
Әзірге қылмыстық істің нақты қай бап бойынша қозғалғаны және күдіктілердің бар-жоғы хабарланған жоқ.
47 оқушы ауруханаға жатқызылды
Бұған дейін Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы ішек инфекциясына ұқсас белгілермен ауруханаға жеткізілгені белгілі болды. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, балалар 12 және 13 қазанда ауруханаға жатқызылған. Қазір олар дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Бұдан бөлек, тағы сегіз оқушы мектеп-интернатта оқшауланып, медициналық бақылауға алынған. Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың жаппай тамақтан улануы мүмкін екені айтылған. Алайда олардың нақты неден ауырғаны әзірге анықталған жоқ.