Димаш Құдайберген алғаш рет Индонезияда жеке концерт береді

Жарияланды 14 Қазан 2026 14:36

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: Dimashnews.com

Әнші Димаш Құдайберген 2026 жылғы 12 желтоқсанда Индонезияда алғаш рет жеке концерт өткізеді. DIMENSIONS WORLD TOUR әлемдік турнесі аясында өтетін концерттің билеті 21 мыңнан 218 мың теңгеге дейін жетеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Концерт Индонезиядағы Sentul International Convention Center кешенінде өтеді. Бұл Димаш Құдайбергеннің аталған елдегі алғашқы жеке концерті болмақ.

Димаштың концертіне билет қанша тұрады?

Ұйымдастырушылар концерт билеттерін алты санатқа бөлген. Олардың бағасы 850 мыңнан 8,7 млн Индонезия рупиясына дейін жетеді.

Қазақстан Ұлттық банкінің 14 қазандағы бағамымен есептегенде, билет құны шамамен 21 мыңнан 218 мың теңгеге дейін барады.

Билет санатыРупияменТеңгемен (шамамен)
VVIP8 700 000218 100 теңге
VIP4 800 000120 300 теңге
CAT 12 800 00070 200 теңге
CAT 21 800 00045 100 теңге
CAT 31 250 00031 300 теңге
CAT 4850 00021 300 теңге

Ең қымбат VVIP билетін сатып алған жанкүйерлер концерт алдындағы арнайы кешке қатысып, VIP демалыс аймағына кіре алады. Сондай-ақ оларға эксклюзивті кәдесыйлар, тегін сусындар мен жеңіл тағамдар ұсынылады.

Ал VIP санатындағы билет иелеріне концертке кірумен қатар арнайы кәдесыйлар беріледі.

Билеттер қашан сатылымға шығады?

Билеттердің алдын ала сатылымы 25 қазанда Folago Privé қатысушылары үшін басталады. Ал жалпы сатылым 26 қазанда ашылады. Ұйымдастырушылар концерт залындағы барлық орын отыруға арналғанын хабарлады.

Айта кетейік, Димаш Құдайбергеннің Индонезиядағы концерті DIMENSIONS WORLD TOUR халықаралық турнесінің бір бөлігі болады. Осылайша, қазақстандық әнші әлемдік турнесінің географиясын кеңейтіп, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жанкүйерлерімен алғаш рет жеке концерт форматында кездеседі.

Ал қараша айында Димаш Құдайберген DiMENSIONS турнесімен Латын Америка елдерінде концерт береді.

Сондай-ақ оқыңыз