Жәрдемақының 14 түрі қысқарады: ана мен балаға төленетін ақша не болады

Елдегі жәрдемақыларды қысқартуға босануға байланысты берілетін біржолғы төлем мен бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі төлемдер ене ме? Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин құрылтайда өткен брифингте осы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Kursiv.media.
Серік Жұманғарин атағандай, мұндай реформа тек мемлекет есебінен төленетін жәрдемақыларға қатысты. Оның мақсаты – қаражатты шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттау.
«Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы төленетін ана мен балаға арналған әлеуметтік төлемдерге бұл өзгерістер әсер етпейді. Бұл төлемдер азаматтардың өз қаражатына байланысты болғандықтан, реформа аясында қысқартылмайды», – деді Жұманғарин.
Құрылтайдағы отырыста үкімет басшысы Олжас Бектенов көпбалалы бай отбасылар өз күндерін өзі көруі керек деген. Ал мемлекеттен көмек алатындар оны үнемі тұрақты болады деп санамауы керек. Осыған дейін еңбек министрлгі жәрдемақылардың 14 түрі қысқаратынын жариялады. Оның есебінен бюджеттегі қаржы да қысқартылмақ.