Дарын Мубаровтан сұхбат алған журналиске айыппұл салынды

Дінтанушы, уағызшы Дарын Мубаровтан сұхбат алған журналист Айнұр Асанбердіге айыппұл салынды. Бұған дейін журналист Астананың Дін істері басқармасымен соттасып жатқанын айтқан еді.
Асанберді әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы 1-бөлігінің 3) тармағында көрсетілген әрекет – діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды таратуға белгіленген талаптарды бұзды деп айыпталды.
«Дін істері басқармасы Дарын Мубаровтан алған сұхбатым үшін мені сотқа берген еді. Нәтижесінде сот маған айыппұл салды. Айыппұл сомасы – 130 мың теңге. Мен бұл ақшаны төлей аламын, бірақ төлемеймін деп шештім», – деді Айнұр Асанберді әлеуметтік желіде.
Айтуынша, журналистің жұмысы – сұрақ қою. Жұмыс барысында дін өкілінен, енді бірден қылмыскерден сұхбат алады.
«Біз сонда сұхбат алмауымыз керек пе? Екпе туралы сұхбат алған едім, оны өшіртіп тастады. Енді Дарын Мубаровқа да жетіпті», – дейді тілші.
Бұған дейін Асанберді сұхбатта еш уағыз айтылмады деп ақталды.