Каспийдегі сарбаздардың қазасынан кейін жалпы 6 адам қамауға алынды

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан кейін жалпы алты адам қамауға алынды. Бұл туралы ішкі істер министрлігі Informburo.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеген.
ІІМ мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Қазір әскери-теңіз оқу-жаттығуларын ұйымдастыруға және өткізуге жауапты қорғаныс министрлігінің алты лауазымды тұлғасы қамауда отыр.
«Қылмыстық іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын, жағдайға не себеп болғанын анықтауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек басқа да лауазымды тұлғалардың іске қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр”, – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 14 әскери қызметші қаза тапты, үш сарбаз аман қалды.
Содан кейін Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («Кеме жүргізу қағидаларын бұзу») негізінде қылмыстық іс қозғалды. Сол күні Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирлері, сондай-ақ теңіз жаяу әскері ротасының және «Қайсар» кемесінің командирлері ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
27 қыркүйекте Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды. Оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.
6 қазанда Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.