Қазақ­станның жолы мен ауа райы көліктің қай бөлшектерін тез тоздырады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Көліктің бөлшектері жүрісіне ғана емес, жол жағдайы мен ауа райына да байланысты тозады. Қыста жолға себілетін реагенттер, шұңқырлар, кептеліс пен қысқа қашықтыққа жиі жүру көліктің кей бөлшектерін тез тоздыруы мүмкін. Bosch компаниясының мамандары көлік иелері қандай бөлшектерге ерекше назар аударуы керегін айтты. Бұл туралы КурсивАвто AutoReport-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қыста тежегіш жүйесіне назар аудару керек

Қазақстанның көптеген өңірінде қыс суық, жаз ыстық, ал маусым ауысқанда температура күрт өзгереді. Мұндай жағдайлар көліктің ылғалмен, жолдағы кірмен және химиялық реагенттермен жанасатын бөлшектеріне қосымша салмақ түсіреді.

Мамандар тежегіш жүйесіндегі шлангілер мен түтіктерді, дискілерді, барабандар мен қалыптарды (колодкаларды) тұрақты тексеруге кеңес береді. Әсіресе қыста жолға себілетін мұзға қарсы реагенттер металл бөлшектердің тот басуына себеп болуы мүмкін.

Тежегіш сұйықтығының күйін де назардан тыс қалдырмаған жөн. Ол ылғалды бойына сіңіре алады. Уақыт өте келе сұйықтықтағы ылғал мөлшері артса, оның қайнау температурасы төмендеп, тежегіш жүйесінің тиімділігіне кері әсер етуі ықтимал. Мамандар тежегіш қалыптары мен дискілерінің күйін жылына екі рет тексеруді ұсынады.

Шұңқырлар рөл мен аспа бөлшектерін тоздырады

Сапасыз жолдар ең алдымен рөлдік басқару жүйесі мен аспа бөлшектеріне әсер етеді. Жолдағы шұңқырлар мен соққылар рөл жүйесінің бөлшектері мен тартқыштарының тез тозуына әкелуі мүмкін.

Ақау бірден байқала бермейді. Уақыт өте келе рөлде бос жүріс пайда болып, көліктен бөгде дыбыстар естілуі немесе оны басқару қиындауы мүмкін. Сондықтан мұндай белгілер байқалса, көлікті тексеруді кейінге қалдырмаған дұрыс.

Көлік аз жүрсе де, техникалық қызмет қажет

Bosch мамандарының айтуынша, жүргізушілер жиі жіберетін қателіктің бірі – техникалық қызмет көрсету қажеттігін тек одометрдегі көрсеткішке қарап бағалау. Алайда көліктің қандай жағдайда пайдаланылатыны да маңызды.

Мысалы, күн сайын үйден балабақшаға, дүкенге барып, қайта оралу сияқты қысқа сапарлар да көлік үшін ауыр пайдалану жағдайына жатады. Себебі мұндай кезде қозғалтқыш оңтайлы жұмыс температурасына дейін қызбай қалуы мүмкін. Ал қозғалтқышты қайта-қайта қосып, тоқтату кей жүйелерге қосымша салмақ түсіреді.

Сондықтан көлік аз шақырым жүрсе де, өндіруші белгілеген техникалық қызмет көрсету мерзімдерін сақтау қажет.

Қалада ауа және салон сүзгілерін жиі тексерген жөн

Көлік негізінен қала ішінде жүрсе, ауа сүзгісі мен салон сүзгісінің күйіне ерекше мән берген дұрыс. Кептеліс, пайдаланылған газдар, шаң мен ашық топырақты аумақтар сүзгілердің тез ластануына әсер етеді. Ластанған ауа сүзгісі қозғалтқыштың жұмысына кері ықпал етуі мүмкін. Ал салон сүзгісін уақытында ауыстырмаса, көлік ішіне келетін ауаның сапасы төмендеп, желдету жүйесінің тиімділігі нашарлайды.

Әйнек жуатын сұйықтықты да ұмытпаңыз

Мамандар әйнек жуатын ыдыста кәдімгі су емес, арнайы сұйықтық болуы керегін ескертеді. Бұл әйнек тазалағыш щеткалардың қызмет ету мерзімін ұзартуға көмектеседі.

Қаладағы шаң, құм және әйнекке жабысқан кір щеткалардың резеңке бөліктерін қажап, тазалау сапасын төмендетеді. Соның салдарынан жүргізушінің жолды көру мүмкіндігі де нашарлауы мүмкін.

Майды қаншалықты жиі ауыстыру керек

Bosch мамандары көлікке техникалық қызмет көрсету кезінде мына жайттарды ескеруге кеңес береді:

  • Тежегіш қалыптары мен дискілері: жылына екі рет тексеру.
  • Қозғалтқыш майы мен май сүзгісі: өндіруші нұсқаулығында жиірек ауыстыру көзделмесе, жылына кемінде бір рет ауыстыру.
  • Оталдыру білтелері: әсіресе көлік көбіне қысқа қашықтыққа жүрсе, сервиске барған кезде олардың күйін тексеру.

Көлікке күтім жасағанда оның жүріп өткен қашықтығымен қатар, жол жағдайын, сапарлардың ұзақтығын және ауа райының әсерін де ескерген жөн. Бұл бөлшектердің тозуын дер кезінде байқап, көліктің қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі.

Тағы да оқыңыз: Көлік сатып алу неге тиімсіз – экономист түсіндірді.

Сондай-ақ оқыңыз