
Қазақстан шекарасындағы Жамбыл облысының «Қордай» өткізу бекетінде ресейлік орындаушы Navai есірткі контрабандасына күдікті ретінде ұсталды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 13 қазанда болған. Полиция қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, Қазақстанға кіріп келе жатқан шетел азаматын ұстаған. Ол сахнада Navai есімімен танымал әнші болып шықты.
«Ол мінген көлікті тексеру барысында есірткі заты анықталып, тәркіленді», – деп хабарлады Жамбыл облысының полиция департаменті.
Аталған факті бойынша есірткі заттарының контрабандасы күдігімен қылмыстық іс қозғалған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция әзірге істің өзге мән-жайын жариялаған жоқ.
Бүгін, 14 қазанда сағат 20:00-де Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жекпе-жек сарайында Navai-дің жеке концерті өтуі керек еді. Алайда билет сату операторы концерттің басталуына төрт сағат қалғанда іс-шараның «техникалық себептерге байланысты» болмайтынын хабарлады.
Ұйымдастырушылар көрермендер сатып алған билеттерінің ақшасын билетті алған платформалары арқылы қайтара алатынын мәлімдеді.