
Алматы полициясы жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін бұған дейін бірнеше рет құқық қорғау органдарының назарына іліккен 28 жастағы блогер Назар Ролланды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында блогердің іздеуге жарияланғаны туралы ақпарат пайда болды. Жарияланған мәліметке сәйкес, іздестіру ісі 2026 жылғы 14 қазанда тіркелген. Істі Қазақстан Ішкі істер министрлігі бастаған, ал іздестіру жұмыстарын Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.

Блогердің іздеуге жариялану себебі әзірге нақтыланбаған.
Назар Роллан әлеуметтік желілерде арандатушылық сипаттағы бейнероликтерімен, соның ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзған сәттері түсірілген видеоларымен танылған. 2018 жылы оның Алматыдағы әл-Фараби даңғылында көлікпен қарсы жолаққа шыққан сәті түсірілген видео қоғам назарын аударған. Сол кезде қарсы бағытта келе жатқан жүргізушілер оның көлігін айналып өтіп, жол беруге мәжбүр болған.
Осы оқиғадан кейін блогерге қатысты бес әкімшілік хаттама толтырылған.
2019 жылы Назар Роллан тағы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Достық көшесі мен Абай даңғылының қиылысында Porsche көлігін тізгіндеген блогерді полиция қызметкерлері тоқтатқан. Ол Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 6-бөлігі бойынша, яғни көлікті алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін жауапқа тартылып, 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынғаны хабарланған.
Айта кетейік, осыған дейін Қордайда ресейлік әнші Navai есірткі контрабандасына күдікті ретінде ұсталған еді.