БҚО-да ауыл шаруашылығына бөлінген 251 млн теңге субсидия жымқырылды

Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығына бөлінген 251 миллион теңге субсидия жымқырылды. Кәсіпкер су үнемдейтін жүйелер салдым деп жалған құжат жасап, бюджет ақшасын қолды еткен, деп хабарлайды Kursiv Media.
Қаржы мониторинг агенттігі агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына бөлінген бюджет қаржысының жымқырылғанын анықтады.
Тергеу мәліметінше, күдікті өзіне қарасты «Агрокомплекс АРСЕН» және «ОнегеАгроСервис» компаниялары арқылы өтінім берген. Ол Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылында су үнемдейтін жүйелер орнаттым деп сендіріп, жұмсалған шығынды өтеу үшін мемлекеттен субсидия сұраған.
Шығынды растау үшін жалған төлем тапсырмалары мен орындалған жұмыс актілері ұсынылған.
«Осы құжаттардың негізінде күдіктінің бақылауындағы серіктестіктердің есепшоттарына жалпы сомасы 251 млн теңге инвестициялық субсидия аударылған. Кейін бұл ақша қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қаражаттың бір бөлігіне тұрғын үй сатып алынған», – деп нақтылады агенттік.
Соттың рұқсатымен аталған мүлікке тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Бұған дейін Қызылордада мал шаруашылығына бөлінген 60 млн теңгені жымқырған басшы ұсталған еді.