«Бәрімізге қауіп бар»– 400 ғалым жасанды интеллектіні интернеттен оқшаулауға шақырды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: unsplash, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

ЖИ саласындағы 400-ге жуық ғалым жасанды интеллектіні бақылауда ұстау үшін халықаралық ұйым құруды ұсынды, деп хабарлайды Kursiv.media.

Futurizm ақпаратына қарағанда, бұл ғалымдардың ішінде технологияның негізін қалаушылардың бірі Джеффри Хинтон мен Йошуа Бенджио де бар.

Аталған екі ғалым жасанды интеллектің қаупі туралы жиі айтып жүр. Олардың пікірінше, мұның кесірінен жұмыссыздық артады. Технология бақылаудан шығып, адамзатты жойып жіберуі де ғажап емес.

Ғалымдар ашық хатта қуатты ЖИ модельдерінің қауіпсіздігі дәлелденгенге дейін интернетке қосылуын шектеуді, сондай-ақ ЖИ қауіпсіздігіне қатысты елеулі оқиғалардың халықаралық тізілімін жүргізуді талап етті.

Қазіргі таңда автономды ЖИ агенттері сынақ ортасынан шығып, өзге жүйелерге рұқсатсыз ену оқиғалары көбейген. OpenAI, Anthropic, Meta және Google жүйелеріне қатысты осындай қауіпсіздік мәселелері де тіркелген.

Бұған дейін ЖИ көшбасшылары қауіпсіздік шараларын күшейту туралы келісімге қол қойған. Әйтсе де, салада ортақ пікір жоқ. Мысалы, Meta басшысы Марк Цукерберг ЖИ дамуын баяулатуға қарсы екенін білдірген.

Ал ЖИ саласының тағы бір беделді өкілі Ян Лекун болса, соңғы оқиғаларды технологияның өзінен гөрі адамның қателігімен байланыстырады.

Айта кететін жайт, 2026 жылы ЖИ-ге жұмсалатын әлемдік шығын 2,67 трлн долларға жетеді.

Сондай-ақ оқыңыз