Экран ауыстыру 999 доллар: бүктелетін iPhone Duo-ны жөндеу қанша тұрады

Жарияланды 15 Қазан 2026 11:37

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: wired.com

Apple компаниясының алғашқы бүктелетін смартфонын сатып алуды жоспарлағандар құрылғының бағасымен қатар, оны жөндеуге кететін шығынды да ескергені жөн. Кепілдікке кірмейтін кейбір ақауларды жөндеу құны 1 499 долларға дейін жетеді. Ал ішкі экранды ауыстырудың өзі 999 доллар тұрады. Бұл туралы Notebookcheck басылымы жазды.

Қай бөлшекті жөндеу қанша тұрады

Apple жариялаған бағаларға сәйкес, iPhone Duo смартфонының кепілдікке кірмейтін жөндеу жұмыстары мынадай сомаға түсуі мүмкін:

  • Ішкі экранды ауыстыру – 999 доллар (шамамен 451 058 теңге);
  • Сыртқы экранды ауыстыру – 379 доллар (шамамен 171 122 теңге);
  • Сыртқы экран мен артқы әйнекті жөндеу – 509 доллар (шамамен 229 818);
  • Батареяны ауыстыру – 229 доллар (шамамен 103 395 теңге);
  • Артқы камераны жөндеу – 229 доллар (шамамен 103 395 теңге);
  • Бүктелетін экранның қорғаныш қабатын ауыстыру – 49 доллар (шамамен 21 974 теңге).

Ең қымбат жөндеу түрлерінің бірі – ішкі экранды ауыстыру. Оның құны смартфонның бастапқы бағасының жартысына жуық. Ал «өзге зақымдарды» жөндеу 1 499 долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл – бастапқы бағасы 1 999 доллардан басталатын құрылғы құнының шамамен 75%-ы.

AppleCare+ жөндеу шығынын азайта ма

AppleCare+ қосымша қызметі жөндеу шығынын едәуір азайтуы мүмкін. Бұл қызмет болған жағдайда ішкі экранды ауыстыру және басқа да кездейсоқ зақымдарды жөндеу құны 99 доллардан басталады. Батареяға қызмет көрсету тегін, ал қорғаныш қабатын ауыстыру 19 доллар тұрады.

iPhone Duo-ға арналған AppleCare+ қызметі айына 19,99 доллар немесе жылына 199,99 доллар тұрады. Бірден төлеген жағдайда бағасы 399 доллар болады. Бұл қызмет телефон ұрланса немесе жоғалса, өтемақы алуға мүмкіндік береді. Сондықтан смартфонды сатып аларда қосымша сақтандыру қызметінің құнын да есептеген жөн. Әсіресе бүктелетін экран сияқты күрделі бөлшектер зақымданса, жөндеу шығыны айтарлықтай болуы мүмкін.

iPhone Duo қашан сатылымға шығады

Notebookcheck мәліметінше, iPhone Duo-ның бастапқы бағасы 1 999 доллар болады. Құрылғыға алдын ала тапсырыс 2026 жылғы 16 қазанда ашылып, ресми сатылымы 23 қазанда басталуы жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз