«Неге үнсіз отырсыздар»: Абзал Құспан Мусин мен Мәдиевке үндеу жасады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Коллаж: Kursiv.media

Бұрынғы мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан «Яндекс» сервисінің жұмысындағы ақаудан кейін бұрынғы цифрлық даму министрі Бағдат Мусин мен қазіргі министр Жаслан Мәдиевке үндеу жасады, деп хабарлайды Kursiv.Media. Депутат елдегі цифрлық қызметтердің жұмысына қатысты мәселелер туындағанда жауапты тұлғалар халыққа түсініктеме беруі керек деп есептейді.

Абзал Құспан Facebook парақшасында жариялаған жазбасында Бағдат Мусин мен Жаслан Мәдиевтің Қазақстандағы цифрландыру саласының дамуына қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты. Алайда соңғы оқиғаларға байланысты олардың үнсіз отырғанына таңданысын білдірді.

«Мен сіздерді Қазақстандағы цифрландырудың бастауында тұрған, Мемлекет басшысы ерекше сенім артқан, еліміз үшін жаңа саланың дамуына жол ашқан азаматтар ретінде танимын. Еңбектеріңізді бағалаймын, болашақтарыңызға үлкен үмітпен қараймын», – деп жазды Құспан.

Оның айтуынша, бұған дейін екі азаматтың да жұмысына қатысты ашық сын айтпаған. Алайда Yandex Go сервисіндегі ақаудан кейін отандық такси платформалары төңірегінде басталған пікірталас депутатты үн қатуға итермелеген.

«Соңғы күндері Яндекс такси қызметіне байланысты туындаған жағдайдан кейін отандық «Апару», «Қажет» такси сервистері төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Әсіресе қазақ тілді ортада қатты талқылануда. Шынымды айтсам, көп нәрсе түсініксіз. Түсінбей отырғандардың бірі мен өзім», – деді Құспан.

Экс-депутаттың пікірінше, дәл осындай жағдайда цифрландыру саласына жауапты болған және қазір жауапты тұлғалар қоғам алдына шығып, жағдайды түсіндіруі қажет.

«Міне, дәл қазір сіздердің ел алдына шығып, жағдайды түсіндіріп, бағыт-бағдар беретін уақыттарыңыз емес пе? Еліміздің цифрлық болашағына жауапты азаматтар осындай сәтте сөйлемегенде, қашан сөйлейді?» – деп сұрады ол.

Сонымен қатар Абзал Құспан бұл үндеуі аталған азаматтардың жеке басына немесе қызметіне сын айту мақсатында жазылмағанын атап өтті.

«Сіздерге деген құрметім өзгерген жоқ. Жеке бастарыңызға да, атқарып жатқан жұмыстарыңызға да көлеңке түсіру ойымда жоқ. Бірақ бір нәрсені түсінбеймін: елге сөздеріңіз керек болып тұрған дәл осы сәтте неге үнсіз отырсыздар?» – деп түйіндеді заңгер.

«Қазақтелеком» басшылығы депутатпен кездесуге дайын

Кейін Абзал Құспан жазбасының астына пікір қалдырып, Бағдат Мусин қазіргі уақытта цифрландыру саласына тікелей жауапты емес екенін білетінін нақтылады.

«Бағдат Мусин қазір тікелей цифровизация саласына жауапты емес, «Қазақтелеком» АҚ төрағасы екенін жақсы білемін, соған қарамастан атын атап, белгілеген себебім ел ол азаматты бәрібір осы саланың бастауында тұрған азамат ретінде таниды», – деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, «Қазақтелекомның» баспасөз хатшысы Альбина Батқызымен байланыс орнатылған. Ол компания басшылығы қазіргі уақытта Бакуде іс-сапарда жүргенін және келесі аптада депутатпен арнайы кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлаған.

«Нәтижесі туралы міндетті түрде хабарлаймын», – деді Құспан.

Еске салайық, 11 қазанда Қазақстанда Yandex Go сервисінің жұмысында ақау тіркеліп, пайдаланушылар такси шақыру және жеткізу қызметтерін пайдалану кезінде қиындықтарға тап болды.

Осы оқиғадан кейін Цифрлық даму министрлігі қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтайтын серверлер ел аумағында орналасқанын және қалыпты жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. Алайда такси және жеткізу қызметтеріне қажетті кейбір технологиялық компоненттердің Қазақстаннан тыс жерде орналасқанын хабарлады.

Бұған дейін, 2023 жылы, сол кездегі Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин «Яндекс» серверлерінің Қазақстанға көшірілгенін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз