Chery-дің премиум бренді Exlantix Қазақстан нарығына кіреді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Exlantix ET, Exlantix Казахстан, цена Exlantix ET, гибридный кроссовер, Chery, REEV
Фото: exeedinternational.com

Қазақстан нарығында Қытайдың тағы бір премиум автокөлік бренді пайда болмақ. Chery концерніне кіретін Exlantix бренді Қазақстанға ірі гибрид кроссоверін – Exlantix ET моделін әкеледі. Көлікке алдын ала тапсырыс қабылдау басталды. Бағасы 21,6 млн теңгеден жоғары.

Бір қуаттаумен 1 180 шақырымға дейін жүреді

Exlantix ET – ұзындығы бес метр, дөңгелек базасы шамамен үш метр болатын, бес орындық кроссовер. Қазақстан нарығына REEV жүйесімен жабдықталған гибрид нұсқасы ұсынылмақ. Бұл жүйеде көлемі 1,5 литрлік іштен жану қозғалтқышы электр генераторы ретінде жұмыс істейді, ал көлікті екі электр қозғалтқышы қозғалысқа келтіреді.

Көліктің жалпы қуаты – 469 ат күші, айналу моменті – 634 Н·м. Сыйымдылығы 40 кВт·сағ батарея электр қуатымен жүруге мүмкіндік береді. Ал WLTP өлшеу циклі бойынша гибридтің жалпы жүріс қоры 1 180 шақырымға жетеді.

Фото: exeedinternational.com

Exlantix ET 100 км/сағ жылдамдыққа 4,8 секундта жетеді. Аралас режимде 100 шақырымға 6,4 литр жанармай жұмсалады деп көрсетілген. Жүксалғышының көлемі 546 литрден 1 835 литрге дейін ұлғаяды. Қазақстандық сатып алушыларға CCS2 қуаттау ұясы бар еуропалық нұсқасы ұсынылады.

Екі жинақтама: бағасы 24,7 млн теңгеге дейін

Алғашқы кезеңде көлік екі түрлі жинақтамамен сатылады. Comfort нұсқасының бағасы – 21,6 млн теңге. Оның жабдықталуына жүргізушіге көмектесетін электрондық жүйелер, айналаны толық көрсететін камералар, үш аймақты климат-бақылау жүйесі, жүксалғыштың электр жетегі және дыбыс өткізбейтін әйнектер кіреді. Сондай-ақ барлық орындықта жылыту және желдету функциялары бар.

Фото: exeedinternational.com

Көлік салонында диагоналі 10,25 дюймдік цифрлық аспаптар панелі мен 15,6 дюймдік орталық сенсорлық экран бар. Сондай-ақ 23 динамиктен тұратын аудиожүйе орнатылған. Жүргізуші орындығында массаж жасау функциясы қарастырылған. Бұдан бөлек, рөл мен алдыңғы әйнек жылытылады, смартфонды сымсыз қуаттауға және кіріктірілген бейнетіркегішті пайдалануға болады.

Фото: exeedinternational.com

Luxury жинақтамасының бағасы – 24,7 млн теңге. Бұл нұсқада пневматикалық аспа, алдыңғы әйнекке ақпарат шығаратын проекциялық дисплей және жүргізушіге көмектесетін кеңейтілген жүйелер бар. Сондай-ақ есіктерді автоматты түрде тартып жабатын механизм мен баптауларды есте сақтайтын электрлі рөл бағаны қарастырылған.

Алдыңғы жолаушы орындығы аяқ созып отыруға мүмкіндік беретін тірекпен жабдықталған. Екінші қатардағы орындықтарда массаж функциясы бар. Бұдан бөлек, жүргізушіге арналған тізе қауіпсіздік жастығы, салон ауасын иондау жүйесі және төбені алькантарамен қаптау қарастырылған.

Exlantix ET көлігіне алдын ала тапсырыс қабылдау басталды. Алайда сатып алушыларға көліктерді нақты қай күннен бастап жеткізетіні әзірге хабарланған жоқ.

Айта кетейік, Қазақстан нарығына жаңа EXEED RX PHEV гибрид кроссовері келді. Оның құны да белгілі, жаңа модель 22 990 000 теңге төңірегінде болады

Сондай-ақ оқыңыз