РФММ-дағы уланған балалар саны 51-ге жетті

Алматыдағы РФММ мектебінде уланып, ауруханаға түскен балалар саны 47-ден 51-ге өсті. Бұл туралы оқушылардың жағдайын білуге барған балалар омбудсмені Динара Закиева айтт, деп жазады Kursiv.Media.
«Барлығы 43 ұл және 5 қыз бала. Жаңа ғана тағы үш баланы әкелді. Олар РФММ интернатында тұрған, басқа облыстардан келген. Жағдайлары қалыпты», – деді балалардың құқығын қорғау бойынша уәкіл.
Айта кету керек, 51 бала тек ауруханада жатқандары ғана. Бұған дейін Денсаулық сақтау басқармасы тағы сегіз баланың үйде ем алып жатқанын хабарлаған еді.
Қазір мектептегі асхана жұмысын тоқтатқан. Санитарлы-эпидемиологиялық бақылау комитеті тексеру кезінде азық-түліктің дұрыс сақталмағанын анықтады. Сонымен қатар тамақ жеткізуші «Master Food» ЖШС-ның асүйінен тиісті ілеспе құжаттары жоқ сүт өнімдері тәркіленді.
Алматы полициясы қылмыстық іс қозғады, тергеу жүріп жатыр. Еске салайық, Алматыда 12-14 қазан аралығында физика-математика мектебінің 47 оқушысы ішек инфекциясына ұқсас белгілермен ауруханаға түсті. Осыдан кейін білім ошағы қашықтан оқытуға көшті.
Министрлік Алматыдағы оқушылары уланған мектеп басшылығына ескерту жасады.