Қатар инвесторы Қашағандағы газ өңдеу зауыты қашан іске қосылатынын айтты

Қашаған кен орнындағы газ өңдеу зауыты 2027 жылы іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің катарлық Power International Holding (PIH) холдингі басшылары Муатаз және Рамез Әл-Хаятпен кездесуі барысында айтылған.
Тараптар энергетика, газ өңдеу және телекоммуникация салаларындағы ынтымақтастықты қарастырды.
Қашаған кенішінде екі бірдей ауқымды газ өңдеу зауыты салынып жатыр. Қуаттылығы жылына 1 млрд текше метр болатын бірінші зауытта қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп, негізгі жабдықтар жеткізіліп жатыр.
Бұл жобаның мерзімі бұған дейін бірнеше рет ауысып, шілдеде QazaqGaz басшысы құрылыстың 61,4%-ға аяқталғанын хабарлаған. Бұған дейін зауыт 2026 жылдың желтоқсан айында іске қосылады деп жоспарланғанымен, құрылысы тек 2027 жылы аяқталуы мүмкін.
Алғашқы зауыттың құны шамамен 1 миллиард долларды құрайды.
Қуаттылығы 2,5 миллиард текше метр болатын екінші зауыттың құрылысына дайындық жүріп жатыр, оның EPC-мердігері ретінде қытай компаниясы белгіленген, ал құрылысы 2030 жылы аяқталмақ. Бұл жобаның құны шамамен 2–2,5 млрд долларды құрайды.
Сонымен қатар катарлық холдинг «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші кезеңін салады.