ҰБТ-ның жаңа форматы әзірленіп жатыр: пилоттық тест 2027 жылы өтеді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Shutterstock

Талапкерлердің пәндік білімін ғана емес, сыни ойлау, академиялық жазылым және цифрлық сауаттылық сияқты дағдыларын да бағалайтын ҰБТ форматы әзірленіп жатыр. Жаңа жүйені 2027 жылдың көктемінде пилоттық режимде сынақтан өткізу жоспарланған. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Жоба Ұлттық тестілеу орталығы мен халықаралық ETS ұйымының бірлесіп жүзеге асырып жатқан Admission Insight Test (AIT) бастамасы аясында әзірленуде. Жоба 2026 жылғы ақпанда басталып, 2030 жылға дейін жалғасады.

Жаңа емтихан екі бөліктен тұрады. Біріншісі – мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес жаңартылатын 14 бейіндік пән бойынша тест. Мұнда ақпаратты жаттап алудан гөрі, оқу материалын терең түсінуге басымдық беріледі.

Екінші бөлік талапкерлердің дағдыларын бағалауға арналған. Ол сыни ойлау, академиялық жазылым мен зерттеу дағдылары, коммуникация, жасанды интеллектіні пайдалану сауаттылығы, сандық және цифрлық сауаттылықты қамтиды. Сондай-ақ креативті және дизайндық ойлау дағдыларын бағалайтын модуль әзірленіп жатыр.

Ұлттық тестілеу орталығының түсіндіруінше, жаңа формат пәндік білімнің маңызын төмендетпейді. Керісінше, оны бағалауды қосымша дағдылармен толықтыруға бағытталған. Емтиханның түпкілікті құрылымы білім беру саясаты мен зерттеу нәтижелеріне қарай нақтыланады.

Жаңа жүйені әзірлеу кезінде жоғары оқу орындарының, оқытушылар мен білім беру саласының басқа да өкілдерінің пікірлері ескерілмек. Ал 2026 жылғы сәуірде ҰТО мен ETS шамамен 4 мың респондент қатысқан зерттеу жүргізіп, сегіз фокус-топ пен Астанада төрт тереңдетілген талқылау ұйымдастырған.

Сондай-ақ оқыңыз