Бай әйелдер де бала бір жарым жасқа толғанша жәрдемақы алады – депутат

Жаңа жылдан бастап бай және ауқатты деген санатқа кіретіндер әйелдер де бала туғаннан кейін бір жарым жыл бойы жәрдемақы алып отырады. Бұл туралы Құрылтай депутаты Ләззат Қожахмет айтты.
Депутаттың айтуынша, бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленетін декреттік төлем жұмыс істейтін әйелдің бәріне беріледі.
«Егер сіз жұмыс істеп жүріп, бала дүниеге әкелсеңіз, сізге әлеуметтік төлем тағайындалады. Мұнда отбасыңыздың мұқтаж немесе мұқтаж емес екені ескерілмейді. Яғни, сіз жұмыс істеп, ай сайын барлық әлеуметтік жарналарды төлеп отырсаңыз, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) бұрын алған табысыңыздың 40%-ын балаңыз бір жарым жасқа толғанға дейін төлеп отырады», – дейді депутат.
Демек, 2027 жылдың 1 қаңтарынан кейін де бала дүниеге әкелген А және В санатындағы әйелдер декреттік төлемді ала береді.
Кімдер жәрдемақыдан қағылады?
Ләззат Қожахметтің сөзінше, жұмыс істемейтін, үй шаруасында отырып, бала дүниеге әкелген әйелдерге қатысты өзгерістер бар.
«Жаңа жылдан бастап жұмыс істемейтін әйелдер бұл төлемді тек отбасы мұқтаж деп танылған жағдайда ғана ала алады. Егер отбасы мұқтаж болмаса, яғни әйелдің жұмыс істеуге мүмкіндігі болып, денсаулығында кінәрат болмаса және отбасының табысы жеткілікті болса, А және В санаттарына жататын әйелдер бұл төлемді ала алмауы мүмкін», – деп түсіндірді Қожахмет.
Елде қазір «А» және «В» санаттарына жататын 30 мың әйел осы декреттік төлемді алып отыр. Демек, жұмыс істейтін әйелдер алаңдамаса да болады.
Басқа қандай өзгеріс бар?
Депутаттың айтуынша, жаңа жылдан бастап әскери қызметте және құқық қорғау органдарында жұмыс істеп, зейнетке ерте шыққан азаматтар жұмыссыз ретінде тіркеле алмайды.
Бұдан бөлек, 2027 жылдан бастап ер адамдар декреттік төлем ала алмайды, бұл төлем тек әйелдерге беріледі.
Кімдер ауқаттылар санатына кіреді?
«Отбасының цифрлық картасы» бойынша бір пәтері және көлігі барлар бірден А және В санаттарына кірмейді.
Бұл санаттарды белгілеу кезінде отбасының табысы, жылжымайтын мүлкі, көлігі, бизнесі мен жер учаскелері ескеріледі. Мәселен, отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс күнкөріс минимумының жеті еселенген мөлшерінен басталуы мүмкін. 2027 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі 55 173 теңге болса, оның 7 еселенген мөлшері 386 211 теңгеге тең.
Сонымен қатар бір адамға шаққанда ауданы 120 шартты шаршы метрден басталатын бірнеше тұрғын үйдің болуы, люкс санатындағы көліктер, коммерциялық жылжымайтын мүлік, ірі, орта және шағын бизнес, сондай-ақ көлемді жер учаскелері сияқты көрсеткіштер есепке алынады.
Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап заңнамада көзделген жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде мұқтаждық қағидаты қолданылады. Үкімет тәсіл мемлекеттік көмекті нақты мұқтаж отбасыларға бағыттауға мүмкіндік береді деп отыр.