Лувр 15 жылға жабылуы мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Лувр директоры отставкаға кетті
фото: shutterstock

Әлемдегі ең танымал мұражайлардың бірі, Париждегі Лувр жабылуы мүмкін. Мұражай директоры Кристоф Лерибо осындай мәлімдеме жасап, ғимаратқа шұғыл түрде күрделі жөндеу қажет екенін ескертті, деп жазады Kursiv Media.

Париж символына айналған тарихи кешенді сақтап қалу үшін «Луврдың жаңа өрлеуі» деп аталатын ауқымды жоба әзірленген. Мамандардың бағалауынша, қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталу үшін кемінде 15 жыл уақыт кетеді.

Мұражай басшылығының дерегінше, мұражайдың халі мүшкіл. Луврдың басты кіреберісі саналатын әйгілі әйнек пирамида арқылы жылына 9 миллион адамды өткізу мүлдем мүмкін болмай қалған. Келушілер ағыны инфрақұрылымға үлкен салмақ түсіріп жатыр. Ауа райының өзгеруі мен цифрлық шабуылдар да мұражай экспонаттарына үлкен қауіп төндіріп тұр.

Қазір мұражайда шұғыл жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша бейнебақылау камералары орнатылып, сыртқы қоршаулар нығайтылып жатыр. Дегенмен Кристоф Лерибоның айтуынша, егер ғимаратқа толық жөндеу жұмысын жүргізбесе, Лувр беделінен айырылып, келушілерді қабылдай алмауы әбден мүмкін.

Ауқымды қайта құру жобасын бастау туралы шешімді 2027 жылғы президенттік сайлаудан кейін құрылатын Францияның жаңа үкіметі қабылдауға тиіс. Мұражай директоры ел билігін бұл маңызды мәселені кейінге қалдырмай, бірден қолға алуға шақырды.

Еске салайық, былтыр Лувр мұражайында ұрлық жасалып, Наполеон Бонапарт пен француз монархтарына тиесілі асыл тастар мен әшекей бұйымдары қолды болды. Кейін күдіктілер ұсталды. Бірақ галереядағы зергерлік бұйымдар уақытша басқа, қауіпсіз жерге көшірілді. Олар жаңа, берік витриналар орнатылған соң ғана өз орнына қайтарылады.

Ал биыл француз полициясы Лувр мұражайы мен Версаль сарайына қатысты ауқымды операция жүргізген еді. Олар мұражай қызметкерлері мен гидтер билет алаяқтық схемасын ұйымдастырды деген күдікпен тоғыз адамды ұстады.

Сондай-ақ оқыңыз