«Қайрат» Конференция лигасындағы алғашқы матчында «Ригамен» тең түсті

Алматының «Қайрат» футбол клубы УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы ойынын тең нәтижемен аяқтады. Қазақстандық команда сырт алаңда Латвияның «Рига» клубымен 1:1 есебімен тең түсті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
15 қазанда Ригадағы «Сконто» стадионында өткен кездесуде есепті алматылық футболшылар ашты. Ойынның 5-минутында «Қайрат» ойыншысы Марк Гуаль пенальтиді сәтті орындап, командасын алға шығарды.
Алайда алаң иелері көп ұзамай таразы басын теңестірді. 12-минутта «Рига» футболшысы С. М’Ханд гол соғып, есепті 1:1-ге жеткізді.
Бірінші таймның 28-минутында «Рига» есепте алға шығуға мүмкіндік алды. Бірақ Бадамосидің пенальтиден соққысын Темірлан Анарбеков тосты.
Екінші таймда екі команда да есепті өзгерте алмады. Нәтижесінде кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Осылайша, «Қайрат» Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы ұпайына қол жеткізді.
Алматылық клубтың келесі қарсыластары қатарында Грекияның «Панатинаикос», Италияның «Аталанта», Румынияның «Университатя» Крайова, Нидерландтың «Твенте» және Швецияның «Мьельбю» командалары бар.
Конференция лигасының жалпы кезеңінде әр клуб алты матч өткізеді. Үздік сегіз команда тікелей 1/8 финалға жолдама алса, 9–24-орындардағы клубтар плей-офф кезеңінде бақ сынайды.