Алматыда Almaty Open теннис турниріне тегін автобустар қатынайды

Алматыда 17 қазаннан бастап Almaty Open ATP 250 теннис турнирінің көрермендеріне арналған тегін автобустар қатынайды. Олар қаланың бірнеше нүктесінен жолаушыларды Almaty Arena спорт кешеніне жеткізеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Көрермендерге ыңғайлы болу үшін тегін автобустар қаланың әртүрлі ауданынан қатынайды. Атап айтқанда, автобустар келесі нүктелерден жүреді:
- Қалқаман;
- Алматы халықаралық әуежайы;
- Сайран автобекеті;
- Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы;
- Тұңғыш Президент саябағы;
- Алматы-1 теміржол вокзалы;
- Dostyk Plaza сауда орталығы;
- «Райымбек батыр» метро станциясы.
- Халық арена
Автобустардың жүру кестесі
Ұйымдастырушылар тегін автобустардың Almaty Arena-ға аттану уақытын да жариялады.
| Күні | Жиналу уақыты | Жөнелу уақыты |
| 17–18 қазан | 09:00 | 09:30 |
| 19–23 қазан (таңертең) | 09:00 | 09:30 |
| 19–23 қазан (кешке) | 16:30 | 17:00 |
| 24–25 қазан | 10:00 | 10:30 |
Жарияланған кестеге сәйкес, автобустар белгіленген орындарға жөнелу уақытынан 30 минут бұрын келеді. Ұйымдастырушылар көрермендерді автобусқа кешікпеуге және аялдамалардың орналасқан жерін алдын ала анықтап алуға шақырады.
Almaty Open – ATP 250 санатындағы халықаралық теннис турнирі. Жарыс Алматыдағы Almaty Arena спорт кешенінде ұйымдастырылады.
Турнирге келетін көрермендер тегін трансферді пайдаланып, қаладағы белгіленген нүктелерден спорт кешеніне жете алады.
Almaty Open ATP 250 теннис турниріне әлемдік теннистің бірнеше жұлдызы қатысады деп жоспарланған. Алматыға әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, US Open чемпионы Даниил Медведев, Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик, ресейлік Андрей Рублев пен Карен Хачанов, грекиялық Стефанос Циципас және 2014 жылғы US Open чемпионы Марин Чилич келеді.