Маңғыстауда қарақұртты жұтып қойған екі жасар қыз жансақтау бөліміне түсті

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Маңғыстау облысында улы қарақұртты жұтып қойған екі жасар қыз жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Kursiv.media.

Lada.kz ақпаратынша, ойын кезінде басқа бала оған өрмекшіні берген, ал бүлдіршін оны жұтып қойған.

Қыздың жағдайы күрт нашарлаған соң, ол аудандық ауруханадан медициналық авиация арқылы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап, комаға түскен баланы өкпені жасанды желдету аппаратына қосты.

Мамандар қарқынды ем жүргізіп, қарақұрт уына қарсы сарысуды екі рет енгізді. Қыз жансақтау бөлімінде 10 күн жатып, біртіндеп есін жиды. Сосын өздігінен тыныс ала бастаған.

Жағдайы тұрақталған соң, ол бейінді бөлімге ауыстырылып, төрт күннен кейін үйіне шығарылды.

Дәрігерлер ата-аналарға балаларды ойын кезінде мұқият қадағалап, олардың бейтаныс жәндіктер мен өрмекшілерді ұстауына жол бермеуді ескертеді. Улы жәндік шақты деген күдік болса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.

Маңғыстау облысында биыл улы қарақұрт қаптады. Олар балалар және ойын алаңдарының маңында пайда болған. Жыл басынан шілде айына дейін қарақұрт шаққаннан кейін медициналық көмекке 18 адам жүгінген еді.  

Сондай-ақ оқыңыз