Мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионаты Астанадан Алматыға ауыстырылды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: Olympic.kz

2027 жылы мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионаты Астанада емес, Алматыда өтеді. Бұл туралы Халықаралық конькимен жүгірушілер одағы (ISU) ресми мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Бастапқы жоспар бойынша халықаралық жарыс Астанада ұйымдастырылуға тиіс еді. Алайда ISU мен Қазақстанның конькимен жүгірушілер одағы арасындағы келіссөздер нәтижесінде чемпионатты Алматыға ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Осылайша, 2027 жылғы Төрт құрлық чемпионаты 9-14 ақпан аралығында «Алматы Арена» спорт кешенінде өтеді. Қазақстан беделді халықаралық турнирді алғаш рет қабылдайды.

Төрт құрлық чемпионаты – мәнерлеп сырғанаудан әлемдегі ең ірі жарыстардың бірі. Оған Еуропадан тыс құрлықтардың, атап айтқанда Азия, Африка, Америка және Океания елдерінің спортшылары қатысады.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар бұған дейін аталған жарыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген. 2015 жылы Денис Тен Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы атанса, 2025 жылы Михаил Шайдоров осы жетістікті қайталады. Ал 2019 жылы Элизабет Тұрсынбаева қола медаль жеңіп алды.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров 2026 жылы қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.

Бұған дейін Софья Самоделкина Алматыдағы Денис Тен мемориалының қола жүлдесін алған еді.

Сондай-ақ оқыңыз