Головкин Алматыда өтетін 2029 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындықты талқылады

Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті (ҰОК) мен Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) басшылары кездесті. Жиында 2029 жылы Алматыда өтетін X қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Kursiv Media.
Кездесуге Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин, Азия Олимпиадалық кеңесінің 2029 жылғы қысқы Азия ойындары жөніндегі вице-президенті Құдрет Шамиев және ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев қатысты.
Ал Азия Олимпиадалық кеңесінің делегациясын ұйымның бас директоры Хусейн Әл-Мусаллам мен спорт департаменті басшысының орынбасары Хенрик Ожвар таныстырды.
Тараптар алдағы Азия ойындарына дайындықтың негізгі бағыттарын қарастырды. Атап айтқанда, жарыстың спорттық бағдарламасын қалыптастыру, өтетін мерзімдерін белгілеу, технологиялық қамтамасыз ету, телевизиялық трансляциялар мен маркетингтік ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар ұйымдастыру жұмыстарына ерекше назар аударылды. Азия Олимпиадалық кеңесі, Қазақстан ҰОК және болашақ ұйымдастыру комитеті арасындағы байланысты үйлестіруде Құдрет Шамиевтің рөлі атап өтілді.
Кездесу барысында Азия Олимпиадалық кеңесінің бас директоры Хусейн Әл-Мусаллам Қазақстанның ірі халықаралық қысқы спорт жарыстарын өткізу тәжірибесіне тоқталды. Ол 2011 жылы Астана мен Алматыда ұйымдастырылған қысқы Азия ойындарын және 2017 жылы Алматыда өткен қысқы Универсиаданы мысалға келтірді.
Әл-Мусалламның пікірінше, Қазақстанның бұған дейін жинақтаған тәжірибесі 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын жоғары деңгейде өткізуге негіз бола алады.
Кездесу қорытындысында тараптар 2029 жылғы қысқы Азия ойындарына сапалы дайындық жүргізу үшін тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.
Айта кетейік, Алматы 2029 жылы X қысқы Азия ойындарын қабылдайды. Осылайша, Қазақстан қысқы Азия ойындарын өз тарихында екінші рет ұйымдастырмақ.
Оқи отырыңыз: Геннадий Головкин тағы бір лауазымды орынға отырды