Автосалон кассасына ақша түспеген: Астанада менеджер сегіз көлікті заңсыз сатқан

Астанада автосалон менеджері сегіз JAC J7 көлігін жалған құжаттар арқылы сатып, компанияға 53,1 млн теңге шығын келтірген. Бұдан бөлек, ол үш көлік алып беремін деп тағы бір сатып алушыдан 16,5 млн теңге алған, алайда уәдесін орындамаған. Сот ер адамды алты жылға бас бостандығынан айырды.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, сату бөлімінде жұмыс істеген менеджер көліктерді дилерлік орталықтан заңсыз шығаруға мүмкіндік беретін жалған құжаттар рәсімдеген. Алайда сатып алушылардан түскен ақша компанияның кассасына түспеген.
Сот материалдарында менеджердің көліктерді сақтауға жауапты болмағаны және оларды өз бетінше сатып, таратуға құқығы болмағаны айтылған.
Үш көлікке 16,5 млн теңге алған
2026 жылғы қаңтарда менеджер тағы бір сатып алушыға үш JAC J7 көлігін төмен бағамен алуды ұсынған. Сатып алушы оған 16,5 млн теңге бергенімен, көліктерді ала алмаған.
Сот менеджердің бастапқыдан-ақ уәдесін орындау ниеті болмағанын анықтады. Ол алған ақшасын өз қалауынша жұмсаған.
Осылайша, сегіз көліктің құны мен екінші сатып алушыдан алынған ақшаны қосқанда, жалпы шығын 69,6 млн теңгеге жеткен.
Сот қандай жаза тағайындады
Алғашында көліктерге қатысты эпизод бөтеннің мүлкін иемдену ретінде сараланған. Алайда қорғау тарапы көліктер менеджерге сеніп тапсырылмағанын алға тартқан. Сот бұл уәжбен келісіп, әрекетті алаяқтық деп қайта саралаған.
Прокурор сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Бірақ сот айыпталушының кінәсін мойындап, өкінгенін, кәмелетке толмаған баласы барын және бұрын сотталмағанын ескерген.
2026 жылғы 14 қазанда сот менеджерді алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сондай-ақ оған коммерциялық ұйымдарда тауарлар мен қызметтерді сатуға байланысты лауазымдарды атқаруға сегіз жылға тыйым салынды.
Тағы да оқыңыз: 10 мыңға жуық ереже бұзылды: полиция мас жүргізушілер мен дрифт жасағандарды ұстады