Тасмағамбетов Махамбет мұрасы туралы сөз етті

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
odkb-csto.org, бильд-редактор: Дастан Шанай

Саясаткер Иманғали Тасмағамбетов Махамбет мұрасының мәні мен маңызына тоқталды, деп хабарлайды Kursiv.media.

Кеше Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте, Бекет Қарашиннің «Махамбет әлемі – Мир Махамбета» кітабының тұсаукесеріне арналған әдеби-танымдық кеш өткен. Аудармашы Махамбеттің мұрасын орыс тілінде сөйлеткен.

Тасмағамбетов жаңа кітаптың қазақ руханияты үшін айрықша мәні бар екенін атап өтті.

«Махамбет – қазақ халқының азаттық рухын жырлаған ұлы тұлға. Махамбет поэзиясы – халықтың намысы мен азаттықтың үні. Оның жырларында Исатай бастаған көтерілістің дүбірі, туған жерге деген сүйіспеншілік, ел тағдырына деген жауапкершілік, еркіндікке ұмтылған қайсар рух бар», – деді Иманғали Тасмағамбетов.

Оның пікірінше, Махамбет үшін сөз – жай ғана құрал емес, қару еді. Ақынның домбырасы мен үні ел намысын қорғаған семсердей болды.

«Махамбеттің жыры – өткен тарихтың естелігі ғана емес, бүгінгі ұрпаққа бағыт беретін рухани күш. Ақынның «Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай…» деп басталатын отты жолдары талай ұрпақты жігерлендірді. Бұл сөздер – ерлікке шақырған ұран ғана емес, ел тағдырына бей-жай қарамауға шақыратын азаматтық аманат», – деді Тасмағамбетов.  

Тасмағамбетов әр жылдары Алматы, Астана қаласының әкімі, премьер-министрі, елші қызметін атқарды. Соңғы атқарған қызметі ҰҚШҰ төрағасы болды

Айта кететін жайт, танымал әртіс әрі режиссер Досхан Жолжақсыновтың 75 жылдық мерей тойын Тасмағамбетов ашқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз