Өзі жауапты – өзі ұры: 16,3 млн теңгенің мүлкін ұрлаған теміржолшы сотталды  

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
unsplash, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Ақмола облысында 16,3 млн теңгенің дөңгелектерін ұрлаған теміржолшы сотталды, деп хабарлайды Kursiv.media.

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, «Курорт-Бурабай» станциясының ағымдағы жөндеу учаскесінің шебері теміржол мүлкінің сақталуына жауап бере тұра, 14 дөңгелек жұбын ұрлауды ұйымдастырған. Жалпы шығын 16,3 млн теңгеден асты.

«Келтірілген зиян толық көлемде өтелді. Бурабай аудандық соты теміржолшыны қызметтік бабын пайдалана отырып, ұрлық және сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындады», – делінген ақпаратта.  

Мемлекеттік айыптаушының өтінішхаты бойынша сот құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Астана эксплуатациялық вагон депосының» мекенжайына жеке қаулы шығарды. Үкім заңды күшіне енді.

Ал 2024 жылы ҚТЖ-ның Бескөл депосында дизель отынын астыртын сатумен шұғылданған қылмыстық топ сотқа тартылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз