Ер адам бала күтіміне қатысты жәрдемақыны қандай жағдайда алуға құқылы

Құрылтай депутаты Ләззат Қожахмет 2027 жылдан бастап ер адамдар декреттік төлем ала алмайтынын мәлімдеді. Бұл төлем тек әйелдерге беріледі. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрағасы Алмас Құрмановтың айтуынша, бұл шара ана мен баланы қорғауға бағытталған.
«Яғни, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтім уақытында жәрдемақы анаға тағайындалады. Ана жұмысқа шықса да, отбасы жәрдемақы ала береді. Сондықтан бұл жағдайда отбасының қаржылық жағдайына да, құқықтарына да нұқсан келмейді», – дейді Құрманов.
Ер адам бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шығып, балаға қараймын десе, заң бұған рұқсат береді. Мұндай жағдайда отбасы баланы анасы не әкесі қарайтынын өзі шешеді. Алайда жәрдемақы әйелге тағайындалады.
«Ер адам баланы жалғыз тәрбиелеп отырса, әкесі баланың жалғыз қамқоршысы ретінде жәрдемақы алады. Яғни, төлем әкесінің атына қайта рәсімделіп, оған төлене береді», – дейді Алмас Құрманов.
Айта кетейік, 2027 жылдың қаңтарынан бастап заңнамада көзделген жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде мұқтаждық қағидаты қолданылады. Үкімет тәсіл мемлекеттік көмекті нақты мұқтаж отбасыларға бағыттауға мүмкіндік береді.