ШҚО-да кене энцефалитінің 15 жағдайы тіркелді

ШҚО-ның санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кене энцефалиті туралы эпидемиологиялық жағдайды жариялады, деп хабарлайды Kursiv.media.
YK-news.kz мәліметінше, 14 қазандағы жағдай бойынша облыстың эндемиялық аймақтарында кене шаққаннан кейін 4479 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың 1336-сы (29,8%) – 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, өтініш білдіргендердің саны 547 адамға азайған.
ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямгазинаның айтуынша, медициналық көмекке жүгінгендердің 4217-сіне (94%) серопрофилактика жүргізілген.
«Қалған 262 адамға (6%) түрлі себептерге байланысты иммуноглобулин егілмеген. Олардың қатарында эндемиялық емес аумақта кене шаққан, дәрігерге кеш жүгінген, екпеден бас тартқан немесе кенені зерттеу нәтижесі теріс болған адамдар бар. Сондай-ақ кейбіріне иммуноглобулин бұрын енгізілген немесе вакцинация жасалмаған», – делінген ақпаратта.
Облыста кене энцефалитінің расталған 15 жағдайы тіркелді.
Наурыз айында бір айдың ішінде Алматыда 78 адамды кене шаққан еді.