Қазақстандықтар киім-кешек пен аяқ киімге қанша ақша жұмсайды

Қазақстандық отбасылар 2026 жылдың алғашқы жартысында киім, мата және аяқ киімге орта есеппен 136,9 мың теңге жұмсаған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,3%-ға көп, деп хабарлайды Kursiv.media.
Киім мен аяқкиімге ең көп қаражат Түркістан облысында жұмсалған. Мұнда бір үй шаруашылығының шығыны 236,8 мың теңгеге жеткен. Одан кейін Маңғыстау облысы (211,8 мың теңге) мен Шымкент қаласы (205,5 мың теңге) тұр. Ал ең аз шығын Шығыс Қазақстан облысында тіркелген 80,3 мың теңге.
Қазақстанда киім өндірісі де өсіп келеді. 2026 жылғы қаңтар–тамызда отандық кәсіпорындар 54,2 млрд теңгенің киімін шығарған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 8,1%-ға жоғары. Дегенмен ішкі нарық әлі де импортқа тәуелді: трикотаж сырт киімінің 98,6%-ы, басқа сырт киім түрлерінің 98,2%-ы, ал аяқкиімнің 93,6%-ы шетелден жеткізіледі.
Energyprom.kz мәліметінше, киім мен аяқ киім бағасы да қымбаттаған. 2026 жылғы қыркүйекте киім бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орта есеппен 10,6%-ға, аяқкиім 11,1%-ға өскен. Киім Ақмола облысында (17,5%), Астанада (16,6%) және Түркістан облысында (15,7%) қымбаттаған.
Мамандардың деректеріне сүйенсек, шығынның өсуі қазақстандықтардың киімді көбірек сатып ала бастағанын білдірмейді. Бұған бағаның қымбаттауы да әсер етуі мүмкін.
Тағы да оқыңыз: Семейде арнайы аяқ киім шығаратын жаңа өндіріс іске қосылды