Астанада тұрғын үйдің ауласында өрескел қылық жасаған екі ер адам ұсталды

Астанада тұрғын үйлердің кіреберісінде бұзақылық жасаған екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қалалық полиция ақпаратына сүйенсек, олардың бірі баспалдақ алаңында балалар арбасының жанында іш киімін шешсе, екіншісі тек іш киіммен лифтіні қиратуға тырысқан.
Оқиғалардың бейнежазбаларын полиция департаменті жариялады. Құқық қорғау органдары екі оқиғаға да қатысы бар адамдарды анықтады. Олар 27 және 30 жастағы ер адамдар болып шықты.
«Ұсақ бұзақылық жасағаны және тыныштықты бұзғаны үшін екі ер адам да әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөліміне қамалды», – деп хабарлады елордалық полиция.
Сонымен қатар, 30 жастағы ер адам қоғамдық орында алкогольдік мас күйде жүргені үшін де жауапқа тартылды. Оған қатысты материалдар тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.