P. Diddy төбелестен кейін басқа түрмеге ауыстырылды

Жарияланды 17 Қазан 2026 12:30

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Басынан жарақат алған рэперді басқа түрмеге ауыстырды/Shutterstock

Америкалық рэпер Шон Комбс Нью-Джерсидегі Форт-Дикс федералдық түрмесінен Пенсильваниядағы Алленвуд түзеу мекемесіне ауыстырылды. Түрмені ауыстырудың ресми себебі жарияланған жоқ, деп хабарлайды Kursiv.media.

Рэперді ауыстыру оның қауіпсіздігіне қатысты болуы мүмкін. Бұған дейін оның ямайкалық есірткі бароны Кристофер Коукпен жанжалдасқаны туралы ақпарат тараған.

TMZ дереккөздерінің мәліметінше, сол оқиға кезінде Комбстың басы жарақаттанған болуы мүмкін. Алайда 15 қазанда АҚШ-тың федералдық түрмелер бюросы төбелес болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бірақ рэпердің жарақат алуына қатысты егжей-тегжейлі мәлімет бермеді.

Бұған дейін рэпер басынан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінгені хабарланған еді. 10 қазанға қараған түні Комбсты түрмеден алып шығып, бірнеше сағаттан кейін қайта әкелген. Сол кезде оның есі анық болған және сөйлей алған. Музыканттың ауруханаға жеткізілгені туралы ақпарат 13 қазанда тарады.

Сонымен қатар түрме қызметкерлері кәсіподағының өкілі TMZ-ге Комбст тәртіп бұзғаны үшін жақсы мінез-құлқына байланысты берілетін жаза мерзімін қысқарту есебінен 41 күн жоғалтқанын айтқан. Бұл оның мерзімінен бұрын босатылу күніне әсер етуі мүмкін.

Еске салайық, 2025 жылғы 3 қазанда Нью-Йорк соты Пи Диддиді әйелдерді жезөкшелікке тарту мақсатында тасымалдағаны үшін 50 айға бас бостандығынан айырған. Ал адам саудасы және сексуалдық қанау мақсатында адамдарды тасымалдау сияқты ауыр айыптар бойынша алқабилер оны ақтап шыққан.

Сондай-ақ оқыңыз