«Үнсіз қалмаймын»: автобуста қызға әдепсіз әрекет жасаған ер адам ұсталды (Видео)

Астаналық Анна есімді қыз қоғамдық көлікте белгісіз ер адам өзіне әдейі тиіскенін айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады. Оның сөзінше, ер адам бөксесінен ұстаған. Қыз оқиға кезінде оны тоқтатып, суретке түсіріп алған, деп хабарлайды Kursiv.media.
Аннаның айтуынша, ол автобуста келе жатқанда бөксесіне бір нәрсе үйкелгенін сезген. Артына бұрылып қарағанда, ер адамның қолын көрген. Қыз мұны қоғамдық көліктегі адам көптігінен болған кездейсоқ жанасу емес, әдейі жасалған әрекет деп сипаттады.
Ол бірден бұрылып, ер адамнан алшақтап, «Ұят емес пе?» деп айтқан. Алайда оқиғадан кейін өзін дәрменсіз сезініп, ашуланғанын жеткізді.
Анна мұндай жағдайда әйелдер не істеуі керегін білмей қалатынын атап өтті. Оның сөзінше, полицияға арыз жазғанымен, оқиғаны дәлелдей алмай, уақытын жоғалтып алудан қорқады. Сонымен қатар автобустағы адамдардың ешқайсысы араша түспегеніне қынжылған.
«Мен сол сәтте қолымнан келгенін жасадым, оның әрекетін тоқтаттым, суретке түсірдім, енді бұл туралы ашық айтып отырмын», – деп жазды ол.
Қыздың айтуынша, оның құқық қорғау органдарына деген сеніміне бұрынғы оқиға да әсер еткен. Университеттің екінші курсында оқып жүрген кезінде автобуста телефонын ұрлатып алған. Сол кезде арызын қабылдаудың орнына полиция қызметкерлері онымен танысуға тырысып, кездесуге шақырғанын айтады. Аннаның сөзінше, бас тартқаннан кейінгі қарым-қатынас оның мемлекет тарапынан қорғалатынына деген сенімін әлсіреткен.
Ол оқиға туралы жария түрде айту арқылы осындай жағдайға тап болған әйелдердің үнсіз қалмауына назар аударғысы келетінін жеткізді.
Астана қаласының полиция департаменті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында қоғамдық көлікте ер адам әдепсіз әрекет жасағаны туралы қыздың жазбасын саралаған.
Полиция қызметкерлері осы дерек бойынша 46 жастағы ер адамды ұстаған. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалды. Ер адам уақытша ұстау бөлмесіне қамалды.
Іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Посмотреть пост в Threads