Францияда 500 мыңнан астам адам шеруге шықты: ел билігі шұғыл жиын өткізді

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Франциядағы шерулер
Франциядағы шерулер / Фото: АР

17 қазанда Францияда кезекті бұқаралық наразылық акциялары өтті. Билік өкілдерінің мәліметінше, көшеге 550 мың адам шыққан, оның 1200-і тәртіп бұзғаны үшін ұсталды, деп хабарлайды Kursiv.media.

DW агенттігінің мәліметінше, мектептегі білім сапасын арттыру талабынан басталған ереуіл тұрмыс құнының қымбаттауына байланысты мәселелерге ұласып, сенбі, 17 қазанда оған 550 мыңға жуық адам қатысты.

Елдің Ішкі істер министрі Лоран Нуньестің хабарлауынша, олардың 110 мыңы Париж көшелеріне шыққан. Ал Францияның ең ірі кәсіподағы әрі шеруді ұйымдастырушылардың бірі «Жалпы еңбек конфедерациясының» (CGT) мәліметінше, қатысушылар саны 800 мыңға жуықтаған.

Шерулер елдің бірнеше ірі қаласында қатар өтті. Парижбен қатар, биліктің ішкі саясатына келіспеушілікті Лион, Марсель, Тулуза, Лилль, Страсбург, Лимож, Бордо және Гренобль тұрғындары да білдірді. Бірқатар қалаларда акциялар тонау, өртеу және мүлікті бүлдіру әрекеттерімен ұласты.

Франция Премьер-министрі Себастьен Лекорню сенбі күні кешке бүкіл ел бойынша 1 200 адамның ұсталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, шерушілермен қақтығыста 150 полиция қызметкері жарақат алған.

Париж, Лион және Страсбургте құқық қорғаушылар шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ қолданды. Сонымен қатар Парижден қару және басқа да тыйым салынған заттар табылған 100-ге жуық адам ұсталды. Марсельде шерушілер қалалық әкімдік ғимаратына басып кіріп, бірнеше дүкенді талқандаған және полиция учаскесіне бұзып кіруге тырысқан.

Франция үкіметі шұғыл жиын өткізді

Шеруге қатысушылардың саны билік күткен мөлшерден әлдеқайда асып түсті. Олардың болжамынша, 17 қазанда Париж көшелеріне шамамен 40 мың адам шығуы керек еді, ал елдің өзге өңірлерінде жалпы саны 150 мың төңірегінде болады деп есептелген.

«Біздің республикада зорлық-зомбылыққа орын жоқ. Тәртіпсіздік ұйымдастырғандар, префектуралар мен дүкендерге шабуыл жасап, тіпті мэрияларымызды тонағандар жауапқа тартылып, жазаланады», – деп атап өтті Макрон X парақшасында.

Наразылықтар Еуропаның басқа елдерінде де өтті

Reuters агенттігінің хабарлауынша, тұрмыс құнының қымбаттауы Бельгия, Португалия және Италиядағы сенбілік шерулерге де түрткі болды. Брюссельдегі акцияларға бірнеше жүз адам қатысып, құқық қорғаушылармен қақтығыс орын алды. Наразылықтар бірнеше күнге созылған Лиссабон көшелеріне 17 қазанда ондаған мың адам шықты.

Италияның Милан қаласында акциялар тәртіпсіздікке ұласып, полиция көзден жас ағызатын газ қолданды. Болоньядағы демонстрацияларда құқық қорғау қызметкерлері су атқыштарды пайдаланып, жеті адамды ұстады.

Бұдан бөлек, 17 қазанда Албанияда соңғы бір айдағы кезекті шеру өтті. Оған қатысушылар үкіметтегі сыбайлас жемқорлықты, жұмыс орындарының қысқаруын және білім беру сапасының төмендігін сынға алды.

Сондай-ақ оқыңыз