Астанада көшеге жалаңаш шыққан тұрғын 15 тәулікке қамауға алынды

Астана тұрғыны қоғамдық орында жалаңаш күйде жүргені үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Kursiv.Media қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2026 жылғы 17 қазанда Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қ.-ға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша істі қарады.
Істің мән-жайы
Іс материалдарына сәйкес, тұрғын қоғамдық орында бөгде адамдардың көзінше жалаңаш күйде жүрген.
Осылайша, ол қоғамдық нормалары мен қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан, азаматтардың ар-намысы мен тыныштығына нұқсан келтіретін жағдай туғызған.
«Сот отырысында Қ. өз кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді. Құқық бұзушылық фактісі іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, Қ.-ның түсініктемелерімен және оқиға орнынан түсірілген бейнежазбамен расталды», – делінген хабарламада.
Сот оны ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындады.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.