Қазақстан семсерлесуден әлем кубогында Ресейді жеңіп, алтын медаль алды

Қазақстанның семсерлесуден ерлер құрамасы Марокконың Касабланка қаласында өткен әлем кубогында жеңімпаз атанды. Финалда қазақстандық спортшылар Ресей құрамасын жеңіп, алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Шпага бойынша командалық сайыстың шешуші кездесуінде Қазақстан құрамасы Ресей спортшыларынан 45:40 есебімен басым түсті.
Қазақстандық семсерлесушілер финалға дейін де бірнеше мықты қарсыласын жеңді. Атап айтқанда, ширек финалда Мысыр құрамасын жарыс жолынан шығарса, жартылай финалда Францияны тізе бүктірді.
Сондай-ақ турнир барысында Қазақстан құрамасы Түркия мен Гонконг командаларын жеңіп, финалға дейін жетті.
Әлем кубогында ел намысын Александр Федотов, Кирилл Павлов, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов қорғады.
Айта кетейік, қазақстандық семсерлесушілер биыл халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп келеді. Бұған дейін ерлер құрамасы Жапонияда өткен 2026 жылғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алған еді.