Шакира Орталық Азиядағы алғашқы концертін өткізді

18 қазанда Бішкектегі жаңа «Бишкек Арена» стадионында әлемдік жұлдыз Шакираның концерті өтті деп жазады Kursiv Media.
Шоу әншінің Las Mujeres Ya No Lloran World Tour әлемдік туры аясында ұйымдастырылды. Бұл – Шакираның Орталық Азиядағы алғашқы концерті. Оған 33 елден көрермен жиналды. Көбі Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан келген.
Концерт алдында тәртіп сақшылары қауіпсіздік шараларын күшейтті. VIP-қонақтарға бөлек кіреберіс пен автотұрақ ұйымдастырылды. Қалған көрермендер концерт алаңына шаттл автобустарымен жеткізіліп, сегіз бақылау бекетінен өткізілді.
Шакира құм арасынан шығып, жанкүйерлердің арасымен жүріп өтті
Концерт Бішкек уақытымен кешкі 19:00-де басталуы керек еді, бірақ шамамен 40 минуттай кешікті. Көрермендерін ұзақ күттірген Шакира экраннан құм арасынан пайда болған бейне арқылы көрінді. Кейін жанкүйерлердің арасымен жүріп өтіп, концертті La Fuerte әнімен бастады.
Кейінірек Hips Don’t Lie, Waka Waka, Whenever, Wherever секілді танымал хиттерін орындады. Концерт басында Шакира тіпті қырғыз тілінде амандасты.
«Кутман кеч, Бишкек! Кандайсыңар?» – деді ол жанкүйерлеріне.
Концерт соңында Шакира әлемдік турнесінің атауына негіз болған Bzrp Music Sessions, Vol. 53 әнін орындады. Көрермендерге жылы қабылдағаны үшін алғысын да айтты.
Қырғызстанның Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік агенттігінің басшысы Эдуард Кубатов концерт өтетін күні барлық билеттің сатылып кеткенін мәлімдеді. Бұған дейін ел билігі Шакира концерті Қырғызстанға шамамен 30 мың шетелдік турист тартып, ел экономикасына 30 млн доллардай кіріс әкелуі мүмкін деп хабарлаған.
Тақырыпқа орай: Шакира Қазақстанға келмейді: әнші Орталық Азия бойынша Бішкекте ғана концерт береді