Жасанды интеллект көмір қорын есептеу уақытын 10 күннен 20 минутқа қысқартты

«Самұрық-Энерго» компаниясы өндірістік процестерге жасанды интеллект технологияларын енгізіп жатыр. Ол көмір қорын есептеуге кететін уақытты 10 күннен 20 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берген. Сондай-ақ электр беру желілері мен трансформаторларды тексеру жұмыстары 5-10 есе жылдамдаған, деп жазады Kursiv.media.
Жасанды интеллект өндірістік қауіпсіздікті бақылау, энергетикалық жабдықтардың техникалық күйін бағалау мен электр энергиясын өндіру көлемін болжау үшін қолданылады.
Атап айтқанда, кәсіпорындарда интеллектуалды бейнебақылау жүйесі енгізіліп жатыр. Ол камералардан түсетін бейнені нақты уақыт режимінде талдап, жеке қорғаныс құралдарынсыз жүрген қызметкерлерді, қауіпті әрекеттерді және қауіпті аймақтарға кіру жағдайларын автоматты түрде анықтайды.
Екібастұз МАЭС-1-де машиналық оқыту технологиялары арқылы жабдықтардың ақауларын алдын ала анықтау жобасы іске асырылып жатыр. Жүйе жабдықтардың бұрынғы және қазіргі жұмыс көрсеткіштерін салыстырып, қалыптан тыс өзгерістерді анықтайды. Бұл апат қаупін азайтып, жабдықтардың жоспардан тыс тоқтауына жол бермеуге көмектеседі.
Энергетикалық нысандарды тексеру кезінде дрондар мен компьютерлік технологиялар да пайдаланылады. Дрондар түсірген бейне және жылу суреттері жасанды интеллект арқылы талданады. Бұл ақауларды жедел анықтауға әрі қызметкерлердің биіктікте қауіпті жұмыстар атқару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, түтін мұржаларын дронмен тексеру екі сағатқа дейін созылады.
Компания жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемін болжау үшін де жасанды интеллектіні қолданады. Жүйе метеорологиялық деректерді, сондай-ақ автоматтандырылған коммерциялық есепке алу жүйесі мен SCADA платформасынан алынған ақпаратты пайдаланып, генерация көлемін 24-72 сағат бұрын болжайды.
Энергетика министрлігі хабарлағандай, бұл жел электр станциялары үшін маңызды. Себебі олар өндіретін электр энергиясының көлемі желдің жылдамдығы мен ауа райына тікелей байланысты. Жоба өндіріс көлемін болжау дәлдігін 80%-ға дейін жеткізу, жоспарлауды жақсарту және нақты көрсеткіштердің болжамнан ауытқуын азайтуды көздейді.
Тағы да оқыңыз: Қазақстан Ресей арқылы өзге елдерге 7,8 млн тонна көмір жөнелтті