Инвестиция 16 трлн теңгеден асты: өсімді не сүйреп келеді (инфографика)

Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі өсіп келеді, алайда оның құрылымы біртіндеп өзгеріп жатыр. Биыл өсімді мемлекеттік бюджеттен гөрі кәсіпорындардың өз қаражаты, банк кредиттері және басқа қарыз көздері қамтамасыз еткен.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйекте негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16,1 трлн теңгеге жетті. Нақты мәнде бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 7% жоғары, деп жазады Kursiv.Media.
Инвестицияны не өсіріп жатыр?
Бюджеттің үлесі азайып, бизнестің салмағы артты
Инвестицияның негізгі көзі бұрынғыдай кәсіпорындардың өз қаражаты болып отыр. Тоғыз айда бизнес негізгі капиталға 10,6 трлн теңгеге жуық өз қаражатын салған. Бұл жалпы инвестицияның 65,8%-ына тең.
Бір жыл бұрын оның үлесі 63% болған. Банк кредиттерінің үлесі де 3,7%-дан 5,6%-ға дейін өсті. Банктер арқылы қаржыландырылған инвестиция көлемі 893,5 млрд теңгеге жеткен.
Тағы 2,3 трлн теңге немесе барлық инвестицияның 14,3%-ы басқа қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылған. Былтыр оның үлесі небәрі 10,3% болған.
Осының аясында мемлекеттік бюджеттің рөлі айтарлықтай төмендеді. 2025 жылғы тоғыз айда бюджет инвестицияның 23%-ын қамтамасыз етсе, биыл үлесі 14,3%-ға дейін түсті. Бюджеттен бөлінген инвестиция көлемі бір жылда 32%-ға қысқарған.
Демек, инвестиция өсімі мемлекеттік шығындардың ұлғаюынан емес, жеке сектордың белсенділігі мен қарыз қаржысының көбеюінен қалыптасып отыр.
Өсімді өңдеу өнеркәсібі сүйреп келеді
Салалар арасында ең ірі инвестиция өнеркәсіпке бағытталған — 6,45 трлн теңге немесе барлық салымның 40,1%-ы.
Алайда өнеркәсіптің өз ішінде жағдай әртүрлі. Тау-кен өндірісіне салынған инвестиция 4,8%-ға азайып, 2,17 трлн теңгені құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінде инвестиция бірден 40,1%-ға өсіп, 2,24 трлн теңгеге жетті.
Электр энергиясы, газ және жылумен қамтамасыз ету саласына салынған инвестиция да 36,9%-ға өсіп, 1,54 трлн теңгені құрады.
Бұл жалпы инвестициялық өсімнің шикізат өндіруге емес, өңдеу өндірісі мен инфрақұрылымдық жобаларға көбірек сүйеніп жатқанын көрсетеді.
Көлікке 3 трлн теңгеге жуық инвестиция салынды
Тағы бір ірі бағыт – көлік және қоймалау. Бұл секторға тоғыз айда 2,92 трлн теңге инвестиция тартылған. Оның жалпы көлемдегі үлесі 18,2%-ды құрайды, ал нақты өсім 6,1%.
Жылжымайтын мүлік операцияларына бұдан да көп – 2,99 трлн теңге салынған. Бірақ бұл сектордағы өсім салыстырмалы түрде баяу – 3,3%. Ауыл шаруашылығына инвестиция 9,1%-ға өсіп, 949 млрд теңгеге жетті.
Ақшалай өсімнің басым бөлігі шағын кәсіпорындарға тиесілі
Кәсіпорындардың көлеміне қарағанда да қызықты өзгеріс бар.
Шағын кәсіпорындар тоғыз айда 9,55 трлн теңге инвестиция игерген. Былтыр бұл көрсеткіш 8,15 трлн теңге еді.
Яғни ақшалай көлемдегі өсім шамамен 1,39 трлн теңгені құрады. Kursiv Media есебі бойынша, барлық номиналды өсімнің шамамен 61%-ы шағын кәсіпорындарға тиесілі.
Орта кәсіпорындардағы инвестиция 1,36 трлн теңгеден 1,83 трлн теңгеге, ал ірі компанияларда 4,28 трлн теңгеден 4,71 трлн теңгеге дейін өскен.