«Окупастар» Қазақстанда: жалға алушы пәтерді босатпаса, не істеу керек

Қазақстанда пәтерін жалға беріп, кейін өз үйіне кіре алмай қалған адамдардың оқиғалары әлеуметтік желіде жиі талқыланып жүр. Кей жағдайда жалға алушылар төлем жасауды тоқтатып, пәтерді босатудан бас тартады. Ал меншік иесі тұрғындарды өз бетінше шығара алмай, мәселені заң арқылы шешуге мәжбүр болады. Конституцияға енгізілген жаңа бап аясында меншік құқығы мен тұрғын үйге қол сұқпау мәселесі өзекті болып отыр. Kursiv.media тілшісі бұл тақырыпты саралап көрді.
«Халайық, араларыңызда проблемалы жалға алушымен қиындыққа тап болғандар бар ма? Пәтерімді қазанның тоғызы күні босатуы керек еді. Бірақ содан бері бірнеше күн өтті, хабарлассам, жауап бермейді. Енді таң атпай түрлі хабарлама жазып жатыр. Үйді босатпай отыр, өзім барсам да, есікті ашпайды. Учаскелік полициямен бірге барып, құлыпты ауыстыра аламын ба? Оның үстіне, психиатриялық анықтамасы бар болып шықты. Мұндай жағдайда не істеуге болады?»,- деп жазған Таңшолпан.
Тағы бір меншік иесі үйіне кірген жалға алушы не пәтерақысын төлемей, не үйді босатпай отырғанын жазған. Мұндай мәселе Конституцияның 28-бабына енген өзгерістерден кейін басталған. Бұрынғы бапқа өзгеріс ретінде «пәтерден шығару» тармағы қосылып отыр.
Біз жүгінген заңгер Александр Даниловский үйді заңды жолмен қайтару тәртібін түсіндіріп берді.

Заңгердің айтуынша, ең алдымен екі жағдайды ажыратып алу керек. Егер бөтен адамдар үйге меншік иесінің келісімінсіз кірсе, полиция шақырып, оқиғаны тіркету қажет. Ал егер адам пәтерге жалдау шартымен орналасып, кейін төлем жасауды тоқтатса немесе келісімшарт аяқталғаннан кейін көшуден бас тартса, бұл азаматтық-құқықтық дау саналады.
«Екі жағдайда да тұрғын үйді қайтарудың заңды тәртібін сақтау маңызды. Меншік иесі сотқа талап-арыз беріп, қажет болса жалдау шартын бұзуды және берешекті өндіріп алуды талап ете алады. Сот шешімі шыққаннан кейін тұрғын үйден шығаруды сот орындаушысы жүзеге асырады», – дейді Александр Даниловский.
Үй иесі құлыпты ауыстырып, тұрғындардың заттарын сыртқа шығара ала ма
Заңгердің сөзінше, меншік иесі тұрғындарды өз бетінше шығарып, құлыпты ауыстыруға, олардың заттарын сыртқа шығаруға немесе коммуналдық қызметтерді әдейі өшіре алмайды. Мұндай әрекеттер өз бетінше билік ету ретінде бағалануы мүмкін.
«Бұл – меншік иелері жиі жіберетін қателіктердің бірі. Үй иесі тұрғындар өздері кетсін деген мақсатпен электр жарығын өшіріп немесе үйге рұқсатсыз кіріп, оларды шығаруға әрекеттенсе, өзі де жауапкершілікке тартылуы мүмкін», – деп түсіндірді заңгер.
Оның айтуынша, мұндай жағдайда тұрғындар полицияға шағымдануы ықтимал. Сөйтіп, бастапқыда жәбірленуші болған меншік иесінің өзі құқықтық дауға тап болуы мүмкін
Пәтерде балалары бар отбасы тұрса, не өзгереді
Кәмелетке толмаған балалардың болуы тұрғындарды үйден шығаруға толық тыйым салмайды. Алайда мұндай істерде балалардың құқықтары ескерілуі керек. Заңгердің айтуынша, істің мән-жайына қарай талап-арызды тиісті сотқа беру және қажетті органдардың қатысуын қамтамасыз ету маңызды.
«Баланың ата-анасымен бірге тұруы оған басқа адамның тұрғын үйіне меншік құқығын бермейді. Егер ата-анасының үйде тұруына заңды негіз болмаса, олар балаларымен бірге шығарылуы мүмкін. Бірақ мұндай істерде кәмелетке толмағандардың құқықтары міндетті түрде ескеріледі», – дейді Александр Даниловский.
Жылыту маусымында тұрғындарды шығаруға бола ма
Кейбір жағдайларда әлеуметтік осал азаматтарды, соның ішінде кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жалғыз баспанасынан шығару жөніндегі сот шешімін орындау кейінге қалдырылуы мүмкін. Бірақ бұл тұрғындарды шығарудан толық бас тарту дегенді білдірмейді. Мұндай шектеулер нақты жағдайға және заң талаптарына байланысты.
Сондықтан меншік иесіне мәселені созбай, заңды рәсімдерді мүмкіндігінше ертерек бастаған жөн.
Полиция көмектесе ме, әлде бірден сотқа жүгіну керек пе
Егер бөтен адамдар үйге күшпен кірсе немесе меншік иесінің келісімінсіз орналасса, полицияға хабарлап, оқиғаны тіркету керек. Ал пәтерде жалдау шартымен тұрып жатқан адам көшуден бас тартса, полиция оны бірден мәжбүрлеп шығара алмайды. Мұндай жағдайда мәселе сот арқылы шешіледі.
Үйін жалға беретіндер қандай сақтық шараларын жасауы керек
Александр Даниловский меншік иелеріне пәтерді жалға берген кезде жазбаша шарт жасауды ұсынады. Құжатта жалға алушының жеке деректері, пәтерде тұратын адамдардың тізімі, төлем тәртібі, шартты бұзу негіздері және кепілдік депозит туралы талаптар көрсетілгені жөн.
Сонымен қатар пәтерді тапсыру-қабылдау актісін жасап, тұрғын үйдің және ондағы мүліктің жағдайын фотосуретке түсіріп алған дұрыс. Жалға алушының төлемдерін құжатпен растауға мүмкіндік беретін тәсілді де қарастыру керек, бұл кейін дау туындаса, дәлел жинауды жеңілдетеді.
Заңгер тәжірибесінен мысал да келтірді. Бір жағдайда жұмысы бар, бастапқыда сенімді көрінген жалға алушы уақыт өте келе төлем жасауды тоқтатып, пәтерді босатудан бас тартқан. Меншік иесі мәселені алдымен келіссөз арқылы шешуге тырысқанымен, нәтиже болмаған.
Кейін жалға алушыға берешек пен өсімпұл есептелген ресми талап және шартты бұзу туралы хабарлама жіберілген. Сондай-ақ сотқа талап-арыз беру және сот шығындарын өндіріп алу мүмкіндігі ескертілген. Нәтижесінде мәселе сотқа жетпей шешілген.
«Кейде дауды сотқа жеткізбей-ақ шешуге болады. Бірақ бұл үшін меншік иесінің қолында дұрыс рәсімделген шарт болуы керек. Барлық әрекет заң аясында жүргізілуі керек. Қорқыту немесе құлыпты ауыстыру – мәселені шешудің заңды жолы емес», – деп түйіндеді Александр Даниловский.
Екі тарапқа да ресми келісімшарт керек
Құрылтай депутаты Олжас Құспековтің айтуынша, бұл мәселеде әр жағдай жеке қарастырылып, жалға алушы мен пәтер иесінің құқықтары мен міндеттері нақты айқындалуы керек.

«Бұл мәселе бойынша әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Біріншіден, пәтерді жалдап отырған адамның ақысын уақытылы төлейтін, коммуналдық төлемдерді де өтеп отырған жағдайлары бар. Сондықтан барлық жағдайды ескеру керек. Егер коммуналдық төлемдер төленбесе, оны да назарға алу қажет. Біздің әлеуметтік жауапкершілігіміз бар болғандықтан, адамдарды қыстың ортасында үйден шығарып тастауға болмайды. Бірақ бұл жерде жалға алушылардың да жауапкершілігін қарастыруымыз керек», – деді Олжас Құспеков.
Депутаттың пікірінше, мәселені құқықтық тұрғыдан нақтылау үшін Конституциялық сотқа жүгініп, тұрғын үйден шығару тәртібіне қатысты түсініктеме алу қажет.
Олжас Құспеков жалға беруші мен жалға алушы арасындағы қарым-қатынасты реттеуде ресми келісімшарттың маңызын атап өтті.
«Ең алдымен, бұл жерде келісімшарт болуы керек. Адамдар пәтерді жалға алып, ақысын төлемеген жағдайда немесе келісімшарт талаптарын орындамаған жағдайда не істеу керектігі нақты көрсетілуі тиіс. Жалға алушының да, пәтер иесінің де жауапкершілігі белгіленуі қажет. Төлеу қабілеті бар екен деп көшеден біреулерге пәтерді ажлға беріп қоюға болмайды. Тек ресми келісімшарт жасалғаннан кейін ғана бұл мәселені реттеуге болады», – деп түйіндеді депутат.
Испанияда да пәтерін бөтен адамдар заңсыз басып алған меншік иелері мәселесі өзекті. Окупастар сөз тіркесі де осы «дәстүрден» кейін қалыптасқан. Europa Press агенттігінің хабарлауынша, 2025 жылы елде тұрғын үйді заңсыз басып алуға қатысты 14 875 оқиға тіркелген. Оқиғалардың ең көбі Каталония аймағында тіркеліп, 5 913 жағдайды құраған. Бұл ел бойынша барлық оқиғаның шамамен 40%-ына тең.